Жетісу прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау және борышкерлерді жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өңірде балаларын асыраудан қасақана жалтарып жүрген ата-аналарды жауапкершілікке тарту бойынша дәйекті әрі нәтижелі шаралар қабылданып келеді.
— Облыс прокуратурасының қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша балаларды асырауға қаражат төлемеу фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабы (балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 9 қылмыстық іс тіркелді. Мысал ретінде, Текелі қаласының тұрғыны соттың заңды күшіне енген шешімін ұзақ уақыт бойы орындамай, кәмелетке толмаған қызына алимент төлеуден жалтарған. Нәтижесінде берешек сомасы 2,1 млн теңгеден асып, баланы қиын материалдық жағдайға қалдырған. Борышкерге бірнеше рет ресми жұмысқа орналасу ұсынылғанымен, ол ешбір себепсіз жұмыс істеуден бас тартып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтаруын жалғастырған, — делінген хабарламада.
Бұған дейін ер адам осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Аталған мән-жайларды ескере отырып, сот үкімімен азамат В. ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қылмыстық қудалау шараларымен қатар, облыс прокуратурасының бастамасымен 54 борышкер ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігі (сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар, прокурорлық ден қою шаралары нәтижесінде балалардың пайдасына 185 млн теңге өндірілді.
Бұдан бұрын Қарағанды облысында 252 млн теңгеден астам алимент берешегі өтелгенін жазғанбыз.