Жетісу облысында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, ұзақ уақыт бойы ірі қара мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топтың әрекетін әшкерелед.
— Жедел-тергеу іс-шаралары барысында қаскөйлердің бір шаруа қожалығының аумағынан 43 ірі қара мал ұрлағаны анықталды. Үш ер адам қараусыз қалған үйде ұсталды. Тәртіп сақшылары сол жерден 28 малды, 15 малдың сойылған және бөлшектелген бөліктерін, сондай-ақ 6 пышақ пен 3 кесінді арқанды тапты. Бұл заттардың бәрі қылмыстық әрекетте қолданылған. Ұсталған үш адам қамауға алынды. Тағы үш күдіктіге қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, — делінген хабарламада.
Өңірде «Учаске» іс-шарасы жалғасуда. Оның басты мақсаты — қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайту және құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Осыған дейін Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 30 бас жылқы ұрлаған барымташылар ұсталғанын хабарлаған едік.