Жетісуда бір күнде екі бала суға батып кетті
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM — 19 маусымда Жетісу облысы Қаратал ауданының аумағында екі бірдей жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан кәмелетке толмаған екі бала қаза тапты. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Алғашқы оқиға Үштөбе қаласының маңында Қаратал өзенінің жағасында болған. 2018 жылы туған қыз бала ата-анасымен бірге демалып жүрген кезде суға батып кеткен. Оқиға шомылуға рұқсат етілмеген, арнайы белгілер орнатылған, бірақ жабдықталмаған учаскеде болған. Құтқарушыларға хабар сағат 13:30–да келіп түскен. Бала денесін ТЖД қызметкерлері сағат 14:00 шамасында судан алып шыққан, — делінген хабарламада.
ТЖД ресми мәліметінше, екінші оқиға дәл сол күні Қожбан ауылында тіркелген. 2007 жылы туған жасөспірім абайсызда Қаратал өзеніне құлап, батып кеткен. Жергілікті тұрғындар жасөспірімнің денесін сағат 14:30 шамасында өздері судан алып шыққан.
— Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті қаза тапқан балалардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады және тұрғындарды су қоймалары маңындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Жетісуда шомылу маусымының басталуына орай су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шаралар күшейтілгенін жазғанбыз.