Жетісуда есірткінің ірі партиясын таратпақ болған жас жігіт ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтап, таратумен айналысты деген күдікпен 19 жастағы жас жігітті ұстады.

Фото: Polisia.kz

Полицияның мәліметінше, автокөлікті тінту кезінде скотчпен оралған пакет анықталды. Оның ішінен әрі қарай таратуға дайындалған ұнтақ тәрізді зат салынған 310 орама тәркіленді.

Сараптама қорытындысына қарағанда, тәркіленген заттардың арасынан психотроптық және есірткі заттары анықталды.

— Атап айтқанда, 65 грамнан астам мефедрон, 79 грамнан астам α-PVP және шамамен 17 грамм гашиш болған. Осылайша, полиция қызметкерлері есірткі және психотроптық заттардың ірі партиясының одан әрі таралуына жол бермеді, — делінген хабарламада.

Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың қайдан алынғаны және оларды әрі қарай тарату арналары, сондай-ақ істің өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында есірткіні жарнамалаған тұрғын бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған едік.