Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жүзеге асырып жатқан Invest Caravan жобасы аясында инвесторға қолдау көрсетілді. Текелі қаласында «Steelers» ЖШС құны 8 млрд теңгеден асатын арматура өндіретін металлургиялық зауыттың құрылысын іске асырып жатыр. Жоба іске асырылғаннан кейін 160 жұмыс орны ашылады.
— Жобаны сүйемелдеу барысында прокуратура инвестордың технологиялық жабдықтарды импорттау кезінде қосылған құн салығын артық төлегенін анықтады. Заңнамада көзделген есепке жатқызу тетігінің болуына қарамастан, кәсіпорын бюджетке 14,6 млн теңгеден астам қаржы аударған. Инвестордың құқығын қорғау мақсатында прокуратура бұл мәселені Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қарауына енгізді. Тексеру нәтижесінде инвестордың уәждері расталып, артық төленген сома кәсіпорынға толық көлемде қайтарылды, — делінген хабарламада.
Стратегиялық маңызы бар өнеркәсіптік жобаны іске асыру қосымша әкімшілік кедергілерсіз жалғасып жатыр.
Жетісу облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 7 (771) 131-04-44 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Осыған дейін шетелдік инвестордың банктік шоттары заңсыз бұғатталғаны анықталды.