Жетісуда кәсіпкер еш жерден рұқсат алмай балалар шығармашылық орталығын құрған
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында құзырлы органның рұқсатынсыз кәсіпорын құрылған.
Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабының 4-тармағы бойынша, қызметін Қазақстан аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес азаматтардың кәсіпорын құруы монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асатыны белгілі.
Алайда, осы заңға бағынбаған азаматтар анықталды. Заңбұзушылықты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мамандары әшкере етті.
Тексеріс барысында Жетісу облысы Кербұлақ ауданы білім бөлімі Қарашоқы ауылындағы «Балдәурен» балалар шығармашылық орталығының басшылығы монополияға қарсы органнан кәсіпорын құруға келісім алмағаны анықталды.
«Осыған байланысты департамент кәсіпорынға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды. Қазіргі уақытта департаменттің нұсқамасы орындалды», — дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мамандары.
Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында мүгедектігі бар балалардың ата-аналарынан заңсыз ұсталған салықтың қайтарылғанын жазғанбыз.