Жетісуда кәсіпкерлердің құқығын бұзған шенеуніктер айыппұл арқалады

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысының Ақсу ауданында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 8 кәсіпкерге қатысты тексеру жүргізу кезінде заң талаптарын бұзған. Прокуратураның араласуынан кейін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылып, 430 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы өңірдегі прокуратура мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ақсу ауданының прокуратурасы 8 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарына қатысты заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы кәсіпкерлерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, олардың нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолданғаны анықталды.

Алайда уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына қайшы, қабылданған шектеу шаралары туралы прокуратураны хабардар етпеген. Осылайша, кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуына прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудың заңда белгіленген тәртібі бұзылған.

Прокуратураның енгізген ұсынуы нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 666-бабы (прокурорды хабардар етпеу немесе уақтылы хабардар етпеу) бойынша 430 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қызметіне негізсіз араласудың алдын алу және мемлекеттік бақылау кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырмақ.