Жетісуда көпбалалы ана күйеуін өлтірді деген күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында 45 жастағы ер адамның қазасына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Кісі өлтірді деген күдікпен марқұмның жұбайы ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Фото: Polisia.kz

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 10 маусымға қараған түні Текелі қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған.

– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ерлі-зайыптылардың бірге спирттік ішімдік ішкен кезінде жұбайының салғаны анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы бақылауда және прокуратура органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, сот санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Қазір әйел Талдықорғандағы тергеу изоляторында отыр.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ұсталған әйелді қолдауға бағытталған жазбалар мен үндеулер тарай бастады. Олардың авторлары әйелдің көпбалалы ана екенін және ұзақ жылдар бойы күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін алға тартып отыр.

Атап айтқанда, жарияланған үндеулердің бірінде отбасының көршілері ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдарға бірнеше рет куә болғандарын айтқан. Олардың сөзінше, ер адам алкогольді шамадан тыс тұтынған, жиі жанжал шығарып, отбасы мүшелеріне агрессия көрсеткен.

Алайда бұл ақпарат құқық қорғау органдары тарапынан әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында анықталып жатыр.

Полиция департаменті барлық қажетті тергеу шаралары аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған дейін Алматы облысында полиция қызметкері әйелін көлікпен қағып өлтіргенін хабарладық.