— Жауын-шашын салдары жолдың бірнеше учаскесінде тіркелді. Лай көшкін жолдың жүру бөлігін кесіп өтіп, кей жерлерде жол жиегі мен жер төсемін шайып кетіп, сондай-ақ қоршау элементтері зақымданған. Шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстарының маңына лай мен тас жиналып, кейбір су бұру арықтары келген су көлемін толық өткізе алмады, — делінген ҚазАвтоЖол таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта тау беткейлерінен су ағуы тоқтады. Жолдың жүру бөлігінде су тасу деректері жоқ, су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталды.
— Жол қызметтері жауын-шашын салдарын жою жұмыстарына жедел кірісті. Қазіргі уақытта 11 жол маманы мен 7 арнайы техника жұмылдырылған. ЖПБ-90 және ЖПБ-18 қызметкерлері жолдың жүру бөлігін, жол жиектерін, су бұру арықтарын, шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстарын лай-тас шөгінділерінен тазартып жатыр.
Сонымен қатар шайылған жер төсемі мен жол жиектерін нығайту, су бұру жүйесін қалпына келтіру және зақымданған қоршау элементтерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мамандар жолды тексеруді жалғастырып, зақымдану көлемін және жекелеген учаскелерді толық қалпына келтіруге қажетті материалдардың мөлшерін нақтылап жатыр. Автожолдың жағдайы жол қызметтерінің тұрақты бақылауында.
Айта кетелік Ақтөбеде екі жыл бұрынғы су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған көпір жаңғыртылған еді.