Жетісу облысында қауіпті медициналық қалдықтарды арнайы рұқсатсыз (лицензиясыз) өңдеп, жойған мердігер ұйымдар әшкереленді.
Заң бойынша (Денсаулық туралы кодекстің 100-бабы), Г класына жататын медициналық қалдықтар — адам денсаулығы мен қоршаған ортаға өте қауіпті. Олар өндірістік қалдықтармен бірдей деңгейде қарастырылады. Мұндай қалдықтарды жою үшін арнайы лицензия қажет (Экологиялық кодекстің 336-бабы).
— Алайда тексеріс барысында лицензиясы жоқ 8 мердігермен келісімшарт жасалып, олар қауіпті қалдықтарды өңдеп, жойғаны анықталды. Осы заңбұзушылықтар үшін табиғат қорғау прокуратурасы шара қолданып, тәртіп бұзған мердігерлерге 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, осы келісімшарттарға жауапты болған 8 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.
Бұдан бұрын Жетісу облысында мемлекеттік жер қорын өз бетінше пайдалануға жол берілмегенін жазған едік.