Жетісуда мұғалімнің үндеуінен кейін директордың орынбасары қызметінен босатылып, бірқатар қызметкерге сөгіс жарияланды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысы Алакөл ауданындағы мектептердің бірінің мұғалімі бейнеүндеу жасап, онда оқу орны әкімшілігі тарапынан қысым көрсетіліп, өзінің құқықтары бұзылғанын мәлімдеген. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі жазды.

Фото: Max Fischer/Pexels

Педагогтың айтуынша, мектеп басшылығы оның кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, жұмыс істеуіне қолайсыз жағдай жасаған.

— Заңнамаға сәйкес, менің құқықтарым бұзылды. Менде мектептегі заңбұзушылықтарды дәлелдейтін барлық айғақтар мен жазбалар бар, — деді ол.

Үндеуде сондай-ақ мұғалімнің ауыр эмоционалдық жағдайда екені айтылған. Ол суицидке әрекет жасағанын хабарлап, құзырлы органдардан ең қатаң шаралар қабылдауды сұраған.

Үндеу жарияланғаннан кейін бірден тексеріс жүргізілді.

Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметінше, аталған факті бойынша уәкілетті органдардың қатысуымен тиісті шаралар ұйымдастырылған.

— География пәні мұғалімінің құқықтарын қорғау мақсатында тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде осы мектептің директорына, педагог-психологқа, әлеуметтік педагогқа және сынып жетекшісіне қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары атқарып отырған қызметінен босатылды, — деді білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов.

Сонымен қатар, құзырлы органдардың мәліметінше, тергеу әрекеттері жүргізілген.

— Полиция тиісті тексерулер жүргізді. Сараптама қорытындылары бойынша суицид әрекеті расталмады, — деп хабарлады ведомство.

Білім басқармасында бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.

— Мектептегі білім сапасын арттыру үшін арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта қосымша тексеру шаралары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданады, — деп толықтырды ведомство.

Бұған дейін Талдықорғанда 11-сынып түлектерінің бітіру кешіне қатысты мүмкін болатын ақша жинау мәселесі көтерілгені хабарланған еді — ата-аналар бір отбасыдан 250 мың теңгеге дейін сұралғанын айтқан.

Бұған дейін педагогтер балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде жауапты болатынын жаздық.