Жетісуда орманшылар Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды аулағаны үшін сотталды

Фото: Фото: видеодан алынған кадр

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Қаратал аудандық соты сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулау ісі бойынша үкім шығарды. 

Облыстық прокуратура таратқан мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қыркүйек айында «Үштөбе орман шаруашылығы» КММ-нің 3 қызметкері «УАЗ» қызметтік көлігін пайдаланып, орман шаруашылығы аймағында Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды заңсыз аулаған.

Соттың үкімімен ұсталғандардың барлығы ҚР ҚК-нің 337-бабы (заңсыз аңшылық) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. 

— Сотталушылар мемлекетке келтірілген 7 миллион теңгеге жуық залалды толық өтеді. Сот үкімі заңды күшіне енді, - делінген Жетісу облысы прокуратурасының хабарламасында.

Прокуратура қоршаған ортаны қорғау заңнамасын сақтауға және сирек кездесетін жануарларды қорғауға шақырады.

Еске салайық осыған дейін Жетісу облысында браконьерлерден 200 келіден астам балық тәркіленгенін жазғанбыз.