Жетісуда 200 гектар құнарлы жер мемлекет меншігіне қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан 200 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көксу ауданында ұзақ уақыт игерілмей жатқан жер учаскелерінің кадастрлық құны 229 млн теңгеден асқан.

Сонымен қатар прокурорлар жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылмай жатқан 7 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерін анықтады. Оларды мәжбүрлеп алып қою және мемлекеттік жер қорына қайтару үшін уәкілетті органға тиісті акт енгізілді.

Қайтарылған жерлер конкурс арқылы бөлініп, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын дамыту үшін ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.