Жетісуда жүк көліктерін заңсыз тіркеп отырған мамандандырылған ХҚО қызметкерлері сотталды

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ТАЛДЫҚОРГАН. KAZINFORM — Жетісу облысында көлік құралдарын заңсыз тіркеуге байланысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. 21 адам кінәлі деп танылды. 

Іс фигуранттары арасында Алматы және Жетісу облысының мамандандырылған ХҚО қызметкерлері, әкімшілік полиция өкілдері және делдалдар бар.

Үкім Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жарияланды.

Іс материалдарына сәйкес, сегіз сотталушы қылмыстық схеманы ұйымдастырған, ал қалғандары алдын ала сөз байласу арқылы іске қатысқан. Олар құжаттарды қолдан жасап, мемлекеттік дерекқорға жалған мәліметтер енгізіп, жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан.

Қылмыстық іс 270 томнан тұрады және Қылмыстық кодекстің 206-бабы 3-бөлігі, 385-бабы, 262-бабы 3-бөлігі және 361-бабы бойынша қаралды.

Тергеу мәліметінше, 2020–2021 жылдары Алматы облысының Қарасай ауданындағы мамандырылған ХҚО-да сотталушылар шетелден әкелінген жүк көліктерін заңсыз заңдастырған. Делдалдар арқылы алынған ақша үшін олар міндетті төлемдердің төленгені туралы түбіртектерді қолдан жасап, көлік құралдарын рәсімдеген. Осылайша 904 жүк көлігі тіркеліп, мемлекетке келтірілген залал 5,6 млрд теңгеден асты.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 31 қазан мен 2023 жылғы 20 ақпан аралығында дәл осындай қылмыстық схема Жетісу облысының Сарқан ауданында әрекет еткен. Ұйымдасқан қылмыстық топты сотталушылардың бірі басқарған. Оның құрамына ХҚО қызметкерлері, әкімшілік полиция өкілдері мен делдалдар кірген. Аталған кезеңде 481 көлік заңсыз рәсімделіп, келтірілген залал 3,7 млрд теңге болған.

Жалпы алғанда, мемлекетке келтірілген шығын 9 млрд теңгеден асты.

Мемлекеттік айыптаушы прокурор Рүстем Смағұлов соттан сотталушыларға 3 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тараптың өкілдері де қылмыстың ауқымы мен салдарының ауырлығын атап өтіп, прокуратураның ұстанымын қолдады.

Сот ұсынылған дәлелдемелерді зерделей келе, барлық сотталушыны кінәлі деп таныды.

— Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мен сипатын ескере отырып, сот 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — деді Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.

Оның айтуынша, сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі және орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және 15 тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.

Айта кетелік, бұған дейін Шымкентте полиция басқармасының бұрынғы бастығы пара алғаны үшін сотталған еді.