Жезқазған-Бейнеу темір жол құрылысының қолға алынуына байланысты Сексеуіл стансасының инфрақұрылымы күрт жақсарады - Қызылорда облысы

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың шілде айында ресми түрде жұмысы басталатын Жезқазған-Бейнеу темір жолы құрылысы оның орта жолындағы тоғыз жолдың торабы - Сексеуіл стансасының инфрақұрылымын күрт жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы кеше осы өңірде болған Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов баяндады.

Аймақ басшысы осыған байланысты аудан ауқымынан 11 мың адамға жаңадан жұмыс табылатынын айтты. Алдын ала есептеулерге қарағанда, жалпы осындағы темір жол саласында 40 мың адам жұмыс істейтін болады. Құрылыс 2015 жылдың бірінші тоқсанында аяқталуы тиіс. Оның жұмысы басталуымен бір мезгілде адамдарды мамандықтарға оқыту жұмыстары да бірден қолға алынады. Сексеуіл кентінде қазірдің өзінде жаңа мектеп пен жаңа клуб ғимараттарының құрылыстары басталып кетті. Таяу аралықта кент әкімшілігінің, қызмет көрсету орталығының, полиция бөлімшесінің және басқа да нысандардың құрылыстары басталады. Алдағы уақыттарда кенттің электр жарығымен, сумен қамтамасыз етілуіне, кәріз жүйесіне байланысты жұмыстар жүзеге асырылады.