Кеңеске Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов, «ҚазАвтоЖол» компаниясының облыстық филиалдарының басшылары, мердігер ұйымдар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жолдарды салу және жөндеу қарқыны, техника мен еңбек ресурстарын жұмылдыру, құрылыс нысандарын қажетті материалдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жедел шешуді қажет ететін мәселелер қаралды.
Ұлытау облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 989 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта оның 571 шақырымы қайта жаңарту жұмыстарымен, 135 шақырымы орташа жөндеумен, тағы 40 шақырымы ағымдағы жөндеумен қамтылған.
Кеңесте «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының 208 шақырымын қайта жаңарту жобасына ерекше назар аударылды. Нысанда 1 100-ге жуық маман мен 600 техника жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде жер жұмыстарының 97 пайызы орындалды. 164 шақырымға құм-қиыршықтас қоспасы, 153 шақырымға жол негізінің төменгі қабаты, 133 шақырымға жоғарғы қабаты төселді. 95 шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабаты, 27 шақырымға жоғарғы қабаты төселген.
Екі көпірдің құрылысы аяқталды, тағы екі нысанда жұмыстар жалғасуда. Жобада қарастырылған 96 су өткізу құбырының 80-і толық дайын. Биыл жаңартылып жатқан учаскенің бойында асфальтбетон жабыны арқылы көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
-Мұндай ауқымды жобаларды іске асыру ұлттық компанияның, әкімдіктердің және мердігер ұйымдардың нақты әрі үйлесімді жұмысын талап етеді. Жұмыс қарқынына әсер ететін барлық мәселе жедел шешілуі тиіс. Бұл ретте құрылыс сапасы, белгіленген мерзімдерді сақтау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі талап болып қала береді, – деді Дархан Иманашев.
Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасының орындалу барысы жеке қаралды. Ұлытау облысының аумағында жоба 335 шақырым жолды қамтиды және үш лотқа бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар өндірістік базаларды орналастырып, техника мен жұмыс күшін жұмылдыруда, сондай-ақ жобалау және дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жоба аясында 20 көпір, 17 жол өтпесі, екі көлік айрығы және 245 су өткізу құбыры салынады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026–2029 жылдар.
Сондай-ақ «Қаражал – Атасу», «Жезқазған – Арқалық» және «Жәйрем – Қаражал – Атасу» бағыттарындағы жұмыстар талқыланды. Облыста жалпы 135 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылған.
Ұзындығы 74 шақырым болатын «Жезқазған – Арқалық» учаскесіндегі жұмыстардың 67 пайызы орындалды. «Жәйрем – Қаражал – Атасу» жолында 32 шақырымға ресайклинг жұмыстары жүргізіліп, 25 шақырым асфальтбетон жабыны төселді.
-Кездесу барысында бірлесіп шешуді қажет ететін бірқатар мәселе белгіленді. Олардың қатарында өндірістік базалар мен асфальтбетон зауыттарына жер телімдерін бөлу, карьерлерді рәсімдеу, техникалық шарттарды алу, нысандарды инженерлік желілерге қосу және құрылыс материалдарын теміржол арқылы жеткізуді ұйымдастыру мәселелері бар,-делінген хабарламада.
Кеңес қорытындысы бойынша «ҚазАвтоЖол» филиалдары мен мердігер ұйымдарға көтерілген мәселелердің шешілуін жеделдетіп, бекітілген жұмыс кестелерінің сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Осыған дейін «ҚазАвтоЖол» мердігер ұйымдарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырған болатын.