Жезқазған тұрғындары бір айдан бері газ тапшылығын көріп келеді

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Ұлытау облысының тұрғындары бір айдан бері өңірде газ жетіспейтінін айтып дабыл қағуда. Тапшылық кейбір көгілдір отын тасымалдаушылардың аймақтан кетіп қалуымен байланысты. Бұл компаниялар газ сақтау станцияларының жоқтығынан шығынға ұшырағанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындары газ сататын жанармай құю стансаларын бір ай бойы күзетіп келеді. Жүргізушілер өз көліктеріне газ таба алмай әлек. Демалыс күндері жанармай құю станцияларында көгілдір отын мүлдем болмады. Бүгінде ол жеткізілгенімен, тек талондармен шектеулі мөлшерде берілуде.

Фото: ҚазАқпарат

"Бізге "газ тек талондар арқылы беріледі" дейді. Бірақ бұл талондар еш жерде жоқ. Біз бұл талондарды қайдан алу керектігін білмейміз. Олар "Қарағандыға барыңыздар" дейді. Мен Сәтбаевтан жанармай құю үшін келдім. Бір сағат бойы кезекте тұрмын. Сосын олар тек 2000 теңгеге ғана газ береміз деп жатыр. Бір айдан астам уақыт бойы жанармай құю станцияларын осылай айналып жүрміз. "Есмұнайға" бардық. Бірақ олар бізді маңына да жолатпайды", - деп жүргізушілер наразылықтарын білдіруде.

Облыста газ мәселесі бұрыннан бар. Себебі, сұйық отынды сақтауға орын жоқ. Логистика да ақсап тұр. Бүгінгі таңда облыстағы 25 станцияның 6-ауы жабылды. Жеткізушілердің өздері түсіндіргендей, сирек қоныстанған аймақта арнайы резервуарлар салу тиімді емес. Ал мұндай қашықтыққа газ тасымалдау тиімсіз.

Фото: ҚазАқпарат

 

Бүгінгі таңда аймаққа газды жалғыз компания жеткізеді. Олардың бәсекелестері жоқ. Ал өз станцияларында олар сұйытылған газды тек талондар арқылы береді. Бұл талондар жолаушылар тасымалымен айналысатын ұйымдарға беріледі. Қарапайым тұтынушылар үшін күніне 500 литр ғана бөлінеді.

Сонымен қатар, облыс басшылығы Қарағандыдан 2 вагон газ келе жатқанын айтып, жағдай ертең түзелетініне сендірді.

"Осы жылдың қазан айынан бастап министрлік арқылы "Ес-Мұнай" мекемесіне 324 тонна сұйытылған газ бөлеміз. Бұл әлеуметтік газ. Бүгінгі таңда газдың бағасы 37 тг құрайды, жанармай құю стансаларында ол 76-81 теңгеден сатылады. Бұл бағытта біз жұмысты күшейтеміз. Келесі айдан бастап 360 тоннадан "Ес-Мұнайға" берілетін болады. Осылайша біз көлемді арттырамыз. Сұйытылған газдың бағасы жанар-жағармайға қарағанда тиімдірек. Сондықтан азаматтардың көпшілігі сұйытылған газды пайдаланады. Сонымен қатар, қыста азаматтар жеке үйлерін газбен жылытады. Газ қоры толықтырылып жатыр", - дейді облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов.

Газ мәселесін шешу үшін аймаққа көбірек жеткізуші компанияларды тарту қажет. Облыс басшылығы ірі компанияларға ұсыныс жасаған екен. Тіпті қажетті инфрақұрылымды құруға және қолдауға дайын. Алайда, шалғай аймаққа ешкім келгісі келмейді. Себебі логистика күрделі, нәтижесінде пайда болмайды.