Жыл басынан бері білім беру саласында дарынды балаларға арналған «Ұлытау дарыны» және аутизмге шалдыққан балаларға қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сондай-ақ, Жезқазғанда Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта 200 орындық жатақхана салынды.
28 білім беру нысаны (23 мектеп, 4 балабақша, білім бөлімінің 1 ғимараты) жөнделді, оның ішінде Жезқазғанда 1 нысан (№ 3 мектеп), бұдан бөлек, 2 мектепке арналған спорт алаңдары салынды (№ 8, 22 мектептер). Оқушыларға ыңғайлы болу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 шағын автобус сатып алынды, оның 2-еуі Жезқазған қаласы үшін.
— Жезқазғанда 300 орындық 1 жайлы мектептің құрылысы аяқталуда. Жыл соңына дейін облыс бойынша 3 балабақша ашылады, оның ішінде Жезқазғанда тұрғындарымыз көптен күткен 320 орындық 1 балабақшаның құрылысы аяқталады. Келер жылы облыста 2,7 млрд теңгеге 160 оқушыға арналған 2 мектептің (Қаражал, Жаңаарқа) және облыс орталығында 400 орындық Оқушылар сарайының құрылысы басталады, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, биылғы жылы қазан айында Ұлытау облысының «Үздік педагогі» конкурсы өткізілді.
— Аталған конкурсқа 13-тен астам үміткер қатысты, 6 ұстаз «Үздік педагогі» атағына ие болды. Оның ішінде Жезқазған қаласының ұстаздарын атап өткім келеді: Джандильдинов Медет Құрманғазыұлы — Абай атындағы мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі, Назарымбетова Гүлбағила Төлеуқызы — № 1 мектептің информатика пәні мұғалімі, Качур Ольга Григорьевна — № 22 мектептің биология пәні мұғалімі. Ұстаздарымызды шын жүректен құттықтаймын! , — деді Дастан Рыспеков.
Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен 1,2 млрд теңгеге Ұлытау облысында жаңа мектеп салынатыны хабарланды.