Қор Жезқазғанда жалпы білім беретін мектептер мен балалар үйлеріне көмек көрсетуінің арқасында жергілікті тұрғындар арасында бұрыннан белгілі. Балаларға сыйлық ретінде теннис үстелдері мен түрлі спорт құрал-жабдықтарын берген.
Екі жыл бұрын Namys СК дәл осындай атаумен спорт кешенін ашты. Секцияларда жаттығу тегін. Жас спортшыларға спорт формасы беріледі, ал маңызды спорт жарыстарындағы жеңістер міндетті түрде қолдау табады. Кешеннің негізгі бағыты - жекпе-жек. Қазақ күресі, бокс, самбо, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, әйелдер күресі, футбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлері бойынша 10 секция жұмыс істейді. Кешенге мыңнан астам бала келеді. Namys СК тәрбиеленушілері тек қаланың ғана емес, сондай-ақ елдің мақтанышы. Олар бірнеше дүркін жүлдегерлер және республикалық жарыстардың жеңімпаздары.
«Біздің қордың негізгі бағыты - бұқаралық спортты дамыту. Біз салауатты жастарды тәрбиелеп, жасөспірімдердің бойына салауатты өмір салтын сіңіргіміз келеді. Барлық балалар кәсіби спортты таңдай бермейді, бірақ балалық шағында жаттыққан барлық ұлдар мен қыздар табандылық, тәртіптілік, жауапкершілік және қойылған мақсаттарға қол жеткізуге деген ұмтылыс сияқты қасиеттерге ие болатыны хақ», – деп есептейді Namys СК қоғамдық қорының бас директоры Қадыр Нұрланов.
Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров пен Namys СК негізін қалаушы Серік Керімбековтің қатысуымен болашақ спорт академиясының іргетасына уақыт капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті.
«140 адамға арналған көрермен мінбелерімен ойын залы салынады. Волейбол, баскетбол, футбол бойынша республикалық маңызы бар турнирлер өткізуге болады. Тіпті күрес, бокс жарыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Біз қолданыстағы спорт кешеніне қосалқы ғимарат салып, кеңейтеміз. Онда шешінетін бөлмелерді, тренажер және гимнастика залдарын, үстел теннисіне арналған залды орналастырамыз», – деді Қадыр Нұрланов.
Спорт кешеніне жақын жерде 200 орындық жатақхана салынады. Онда жасөспірімдерге қажетті нәрсенің барлығы ескеріледі. Компьютер сыныбы, асхана, кір жуу және үтіктеуге арналған бөлме, сабаққа дайындалу бөлмесі болады. Барлық тәрбиеленуші тамақпен, спорт жабдығымен және құрал-жабдықпен, оқу әдебиетімен қамтамасыз етіледі. Олар тек спортпен айналысып қана қоймай, жақын маңдағы жалпы білім беретін мектептерге барады.
Жаңа спорт интернатына Ұлытау және Жаңаарқа аудандарынан, сондай-ақ Сәтбаев пен Арқалықтан балаларды тарту жоспарланып отыр. Шалғай ауылдардың балаларына ерекше көңіл бөлінеді. 10–16 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Қадыр Нұрлановтың айтуынша, барлық нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс.