Жезқазғанда бөтелкелесін өлтіргенін полицияға қаңғыбастың өзі айтқан

None
АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше шамамен сағат 22.00-де Жезқазған қаласының Сәтбаев көшесі бойында орналасқан үйдің жертөлесінде мойын тұсына жарақаттанған 51 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды.

Бұл туралы Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Жезқазған қаласының ІІБ кезекшілік бөлімшесіне ер адамнан қоңырау келіп түскен. Оның айтуынша, ол өзінің танысын өлтірген. Ол оқиға болған жердің мекен-жайын айтқан.

Анықталғандай, кеше қоңырау шалған 43 жастағы қаңғыбас соңғы уақытта тұрып жүрген үйдің жертөлесінде танысымен бірге спирттік ішімдік ішкен.

Араққа сылқия тойған ер адамдардың арасында дау-дамай орнаған. 43 жастағы ер адам бөтелкені сындырып, үшкір тұсымен әлгінің мойнын тіліп жіберген. Жәбірленуші оқиға орнында жантәсілім етті.

Жертөледен шығысымен, көшеде өтіп бара жатқан адамнан ұялы телефонын сұрап, полицияға хабарласқан. Оқиға орнынан бөтелкенің сынықтары алынды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру амалдары жүргізілуде.