Жезқазғанда ескі фабрика ғимараты кәсіпкерлерге беріледі

Фото: ОКҚ

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысында жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілері 160,6 млрд теңгеге өнім өндіріп, 19,8% өсім көрсеткен. Бұл туралы өңір әкімі Дастан Рыспеков есептік кездесуінде айтты. 

Әкімнің айтуынша, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 6,9%. Ал өңір құрылған жылы бұл көрсеткіш небәрі 3,8% болған еді.

— Жұмыспен қамтылғандар саны 2,7%-ға артып, 30,8 мың адамға жетті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингі бойынша, облыс шағын бизнесті дамытуға ең қолайлы аймақтардың үштігіне кіреді. Биыл жас кәсіпкерлерге бизнесін бастау үшін 195 мемлекеттік грант берілді, — деді Дастан Рыспеков елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сондай-ақ биыл жалпы құны 3 млрд теңге болатын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылған.

Одан бөлек, әлемдік және отандық брендтердің франшизаларының саны өскен. Аталған бағыттағы жұмыстар облыстың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырады және бұл бастамалар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

— Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың перспективалы бағыттарының бірі — шағын өнеркәсіптік аймақ пен инвесторлар үйін құру. Онда өңірдің барлық қаржы институты кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін бір жерде орналасады. Осы мақсатта 25 жылдан астам қараусыз қалған ескі трикотаж фабрикасының ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта ғимараттың шатыры, терезелері және қасбеті жаңартылып жатыр, — деді Дастан Рыспеков.

Айта кетейік, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты.