Жезқазғанда ескекпен жүзу спортына арналған кешен салынады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2018 жылы 380 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып отыр. Бұл туралы әкімнің ресми сайты хабарлайды.

Бүгінгі таңда барлық аудандар мен қалаларда құрылыс саны көбейіп отыр. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов жасалатын жұмыстардың сапасы мен кестесін бақылауды үдетуді тапсырды. 

Аталмыш мәселе аппараттық жиналыста талқыланды. 

Облыстың барлық аймақарындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы туралы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарамасының жетекшісі міндетін атқарушы Тайхан Қалмаханов мәлімдеді. 

«Облыстың 14 аймағында құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайды. Тұрғын үй құрылысының ең үлкен үлесі Қарағандыға тиесілі - 49,6%, Теміртауға - 12,1%, Шет ауданына - 5,3%. Қарағанды облысы бойынша 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қолданысқа енгізілетін тұрғын үй 379 мың шаршы метрді құрайды. Қаңтар-мамыр аралығында енгізіледі деп күтілетін тұрғын үй - 131 мың шаршы метр», - деді Тайхан Қалмаханов.

Облыста 36 мың адам пәтер алуға кезекте тұр, оның жартысына жуығы Қарағанды бойынша. Аймақта 73 мың адам «Тұрғын үй жинақ банкінің» салымшылары болып табылады. 

Қарағандыда оңтүстік-батыс жақта несиелік тұрғын үй желісі бойынша ірі панельді үш тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, онда 468 пәтер болады. Октябрь ауданында 60 пәтерлі жалға берілетін үй салынып жатыр. 1 344 пәтерге шақталған жеті көпқабатты үй «Панель-Орталық» ықшам ауданында тұрғызылады.

Жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер облыстың барлық қалалары мен аудандарында салынып жатыр. Жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. 

Жезқазғанда ескекпен жүзу спортын сүйетіндер үшін спорт кешені пайда болады - нысанның құрылысына байқау жарияланған. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен Сәтбаев қаласына 320 орынға шақталған балабақша мен Оқушылар сарайының құрылысына қаражат бөлінді. Ұлытау кентінде өлкетану мұражайы салынады. Абай қаласы мен шет ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы ауылда дене шынықтыру- сауықтыру орталықтарының құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Жаңа мектептер Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде, Ұлытау ауданының Бетбұлақ (Алғабас) ауылында салынады деп жоспарланған. 

«Жалпы құрылыс бойынша қарқын жақсы. Барлық нысан бойынша нақты бақылау болуы тиіс. Барлық әкімдерге тұрғын үйлерді қолданысқа беру жоспарлы көрсеткіштерін қадағалау қажет. Қаражат бөлінді, оларды енді меңгеру керек, мердігерлермен тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Бірінші кезекте - сапаны қамтамасыз ету. Екіншісі - бөлінген қаражатты уақтылы меңгеру. Және ең бастысы - меңгеру керек деп заңға қайшы әрекеттерден аулақ болған жөн» - деп атап өтті Ерлан Қошанов. 

Облыс әкімі барлық құрылыс нысандарында қоғамдық бақылау ұйымдастыруды талап етті.