Жезқазғанда қалаішілік су құбыры желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Фото: Kazinform

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті.

Кездесуде өңір басшысы өңірдегі сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 

Әкімнің сөзінше, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды тазартудың озық технологияларын қолдана отырып, шаруашылық су тазарту құрылыстарын реконструкциялау жобасы іске асырылуда.

Осы жоба бойынша қалада (11 млрд тг) суды тазарту станциясының құрылысы, химия зертханасының күрделі жөндеуі, инженерлік желілерінің тартылуы және екінші көтергіш сорғы станциясы ғимаратының қайта жаңартылуы сияқты жұмыстар атқарылды

Бұдан басқа, 2024 жылы қалаішілік су құбыры желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аталған жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл құны 14,6 млрд теңге болатын бұл жоба су құбыры желілерінің тозуын 72%-дан 36%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің мәліметтеріне қарағанда өңірде Үйтас-Айдос топтық су құбырын қайта жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бұл бағытқа 13,7 млрд теңге бөлініп, 51 км су құбыры салынды. Сорғы станциясын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қаланың кәріз жүйесін қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

- Жобаны жүзеге асыруға 2025 жылға қалалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен қосымша қаржылық қолдау көрсетіледі. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қосымша қаржы алу бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде, -деп атап өтті Дастан Рыспеков.

Сонымен қатар ол қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстарға да тоқталды.

- Құрметті жерлестер, осы қаланың тұрғыны ретінде мені де коммуналдық қызметтердің жылыту маусымына дайындығы, қаланың тазалығы мен абаттандырылуы, көрсетілетін қызметтердің сапасы алаңдатады. Тұрғындарымыздың қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау және сапасын жақсарту үшін, тек биылғы жылдың өзінде 316 км сумен жабдықтау және су бұру желісі, 49 км жылу желісі жаңғыртылып, жөнделді, оның ішінде Жезқазғанда 66 км сумен жабдықтау желісі және 11 км жылу желісі бар» - деді ол.

Осыған дейін Жезқазған қаласында 1705 тұрғын үй газбен қамтамасыз етілгені туралы жаздық.