Ұлытау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталған жоба қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тиімді пайдаланудың кезекті жарқын үлгісі болды.
— Жаңа денсаулық сақтау нысаны кент тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтамасыз етіп, қажетті медициналық қызметтерді уақытылы алуға, профилактикалық тексерулерден өтуге және тұрғылықты жері бойынша мамандардың бақылауында болуға мүмкіндік береді. Амбулаторияны пайдалануға беру халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттыруға, медициналық қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасауға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал етеді, — делінген таратылған ақпаратта.
Мемлекет заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға және оларды қоғам игілігі үшін пайдалануға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бюджетке қайтарылған қаражат денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық сала нысандарын қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салуға және жаңғыртуға бағытталып отыр.
Қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің өңірлерін дамытуға өз үлесін қоса береді.
Бұған дейін Жезқазған қаласының бюджеті мен инвестициялық әлеуеті артып келе жатқанын жазғанбыз.