Жезқазғанда өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлаған «Қазпошта» қызметкері сотталды

None
ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Жезқазғанда (Қарағанды облысы) өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін «Қазпошта» қызметкері сотталды,

оған дүние-мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлады Жезқазған қаласының прокуроры Ғарифолла Айрамбаев.

Алайда, оның 2 жасар баласының барлығы ескеріліп, ол жазасын баласы 14 жасқа толғаннан кейін өтейтін болды. Оған қоса, сот шешімімен әлгі әйел мемлекеттік және оларға теңестірілген органдарда 3 жыл бойы материалдық-жауапты қызметтер атқару құқығынан айрылды.

«Сотталушы пошта байланысы бөлімінің бастығы міндетін уақытша атқарып жүріп, өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланған: 2009 жылдың желтоқсан айында 400 мың теңге соманы иемденіп алған. Қазір ол келтірілген залалдың орнын толық толтырды», - деді прокурор.

Осыдан бір жыл бұрын Жезқазғанда осы байланыс бөлімшесінің бастығы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге арналған қаражаттарды ұрлағаны үшін сотталған болатын. Алайда, бұл жағдай кәсіпорынның басқа қызметкерлеріне сабақ болмаған тәрізді, дейді прокурор Ғ.Айрамбаев.