Жезқазғанда сайлаушылар арасында қарттар белсенділігі жоғары
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 59 241 тұрғын сайлау құқығына ие. Олардың 15,5 пайызын жасы 60-тан асқан сайлаушылар құрайды. Жалпы, зейнет жасындағы 14 220 адам дауыс беретіні күтілуде.
92 жастағы Ордубаев Егімбай ақсақал Кеңгір ауылындағы №237 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
«Бүгінгі сайлауға қатысып, дауыс бергеніме қуаныштымын. Еліміздің болашағына үлкен сеніммен қараймын. Жастарымызға «Тек алға!» дегім келеді. Қазақстанымыз гүлдене берсін», - деп батасын берді Егімбай ата.
Бүгін елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Барлық өңірде 10 033 учаскеде ашылды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының 16.00-дегі мәліметі бойынша, Ұлытау облысында халықтың 72,75 пайызы дауыс беріп үлгерді. Яғни Ұлытау өңірі электораты белсенді 9 өңірдің қатарында.