Жезқазғанда тексерілмеген құрылғыларды пайдаланған аурухана директорына айыппұл салынды
17:00, 25 Тамыз 2022
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасының директоры тексерілмеген өлшеу құрылғыларын пайдалануға жол берген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасы директорына қатысты тексеріс жүргізді. Нәтижесінде лауазымды тұлға тексерілмеген 279 өлшем құрылғысын қолдануға жол берген. Атап айтқанда, ол қандағы оттегінің сатурациясын өлшейтін 170 пульсоксиметр, ауыр жағдайдағы науқастардың денсаулық параметрлерін бақылайтын 16 мониторды пайдалану үшін рұқсат еткен. Сондай-ақ, аурухана 27 инвазиялық шприц сорғыларын қолданған», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Құзырлы орган дерегінше, сот үкімімен аурухана басшысына 493 143 теңге көлемінде айыппұл салынған.