Марапаттау рәсімі екі кезеңде өтті. Алғашқы ондықты Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров құттықтады.
Әкім коронавируспен күрес халқымыздың ерекшеліктерін айқын көрсеткенін атап өтті. Ол қасиеттер - өзара көмек, жанашырлық, бұрын-соңды болмаған қиындыққа қарсы тұруға дайын болу.
Алдыңғы қатарда тұрғандардың қатарында жеке кәсіпкерлер Бауыржан Мұқашев, Бауыржан Нысанбаев, Ерғазы Көрпеқұлов және Ботажан Достанбекова, сондай-ақ түрлі сала өкілдері болды.
Марапаттаудың екінші кезеңі «Бірлік» волонтерлер клубының кеңсесінде өтті. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова еріктілерді мерекемен құттықтап, жанашыр жандарға алғысын жеткізді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, волонтерлік - жай ғана тегін жұмыс емес, бұл - азаматтардың жауапкершілігінің көрсеткіші және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайын болу. Еріктілік - мықты адамдардың ғана емес, ол бір нәрсені өзгерткісі, түсінгісі, көргісі және көмектескісі келетіндердің барлығына арналған іс», - дейді Жезқазған жастар ресурстық орталығының жетекшісі Саят Балмағанбетов.