Жезқазғандағы ЖЭО-ны жөндеу жұмыстары ырғақты жүріп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазғанды жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы қала әкімі Қайрат Бегімовтің төрағалығымен өткен штаб отырысында талқыланды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты.

Биылғы жылы ЖЭО құрылғыларын жөндеу үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Кәсіпорын басшылығының ақпраты бойынша, ЖЭО-да жөндеу жұмыстары кестеден қалыс қалып жатқан жоқ. 8 қазандық пен 3 турбинаны жөндеу жоспарланған. 

«Жезқазған қаласын жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 28,7 шақырым инженерлік желілерді жөндеуді жоспарлап отыр. Инженерлік желілерді жөндеуге екі мердігер мекемелер жұмылдырылған: «Кенес-Құрылыс LTD» ЖШС, «Нұрлы- табыс» ЖШС. 
Қала ішіндегі желілерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде, Бұған республикалық бюджеттен 610 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 11 шақырым салынған. Бұған қоса, Талап ауылының су құбыры магистралін қалыпқа келтіруге облыстық бюджеттен 173,5 млн теңге бөлінген. Және де бұл магистральдің 9,5 шақырымы салынған.

Сонымен қатар шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттарға 167,6 млн теңге бөлінген.

Жезқазған ЖЭО 1954-ші жылы іске қосылған. Мұнда 8 энергетикалық қазандықтар мен 4 турбоагрегат жұмыс істейді. Станцияда жабдықтарды жаңғырту жүргізілуде. 2018 жылдың шілдесінде жаңа турбина іске қосылды.

Бекітілген электр қуатылығы - 202 МВт, жылу қуаттылығы - 540 Гкал/сағ. Кәсіпорында 628 адам жұмыс істейді.