Жезқазғандықтарға жеке үй салуға 2 мыңға жуық учаске беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жезқазғанда 127 шақырым инженерлік инфрақұрылым салынады. Бұл жайлы қала әкімі Батырлан Ахметов аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында өткен жылы қаланың батыс бөлігінің инженерлік желісінің құрылысы аяқталған болатын. Бұл өз кезегінде жеке үй салуға арналған 670 жер телімін беруге және жер телімдеріне деген кезекті 28%-ға қысқартуға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Батырлан Ахметов.

Жоспарда тағы 127 шақырым инженерлік инфрақұрылымның құрылысы тұр. Бұл 1300-ден астам жер телімдерін коммуникациялармен қамтамасыз етеді және де жер алуға кезекте тұрғындардың санын 35%-ға төмендетеді. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша жеке үйлердің құрылысына арналған тағы 500-ден астам жер телімдері беріледі деп жоспарланып отыр.

«Ол үшін біз жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, мемлекеттік сараптамаға өтінім бердік. Келесі жылдан бастап құрылыс басталады», - деп түсіндірді Жезқазған қаласының әкімі.

Жезқазғанда баспана алуға кезекте 2103 тұрғын тұр. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша қалада 5 тұрғын үй салу жоспарланған.