Жезқазғаннан Балқаш пен Түркістанға әуе рейстері ашылады

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — 2026 жылы Жезқазғаннан Балқаш пен Түркістан қалаларына жаңа әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков есептік кездесуінде айтты.

Оның айтуынша, облыс құрылғаннан бері жаңа 3 автобус маршруты (Жаңаарқа, Қаражал, Сарысу) мен Шымкент қаласына 1 авиамаршрут ашылған болатын. 

— Қазір облыс орталығынан 4 бағытта авиамаршруттар ұйымдастырылған (Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды). Ал 2026 жылы Балқаш және Түркістан қалаларына әуе рейсін ашу жоспарланған, — деді әкім елордада Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Жалпы облыс аумағында 29 автобус маршруты ұйымдастырылған. Қалалық қоғамдық көлікке биыл 721 млн теңгеге жаңа автобустар сатып алынды. Осылайша қалалық автобустар 42% жаңартылды. 

Биыл ұзындығы 316 шақырымға жететін Қызылжар-Мойынты жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. 

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, биыл облыс бойынша 4 теміржол вокзалында (Жезқазған, Қаражал, Жаңаарқа, Қызылжар) құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бұған дейін Дастан Рыспеков Қызылорда-Жезқазған автожолы қашан қолданысқа берілетінін айтқан еді. 

Сондай-ақ, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты.