Жезқазғанның көлік прокуратурасы жылжымалы құрамды пайдалануда өрескел бұзушылықтарды анықтады
Бұл туралы Жезқазғанның көлік прокуроры Нұрғали Асқанбеков хабарлады.
«Жаңаарқаның ТЧЭ-15 қызмет көрсету локомотив депосында жүргізілген тексерістер кезінде өрескел бұзушылықтардың беті ашылды. Сүйремелі-жылжымалы құрамның нормативтік мерзімнен асыра, пайдаланып келгені анықталды. Сондай-ақ, пайдалану мерзімі ертеде аяқталған локомотивтерді пайдалану фактілері де анықталды», - деп атап өтті Н.Асқанбеков.
Оның айтуынша, локомотивтердің бірінің 28 жылдық пайдалану мерзімі 2001 жылы аяқталған. «Қолданыстағы ереже бойынша біз оны пайдалануды осыдан он жыл бұрын тоқтатуымыз керек еді. Дегенмен, осы уақытқа дейін өз жұмысын жалғастырып келді», - дейді көлік прокуроры.
Оның ойынша, анықталған бұзушылықтар қозғалыс қауіпсіздігіне өз әсерін тигізіп, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар, прокуратура сүйремелі-жылжымалы құрамды техникалық пайдаланудың да бірқатар өрескел бұзушылықтарын анықтады. «Локомотивтерде қарапайым буферлі жарық беру құралдарының жоқтығы, бақылау құрылғыларының істен шыққаны анықталды», - деп түсіндірді Н.Асқанбеков. Сонымен қатар прокурорлар локомотивтерде мемлекеттік рәміздердің, Қазақстан теміржол кәсіпорнының белгісінің және атауының да жоқтығын алға тартып отыр.
«Тексеріс нәтижелері бойынша осы анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазба бұйрық берілді. Бес локомотивтің қызметі тоқтатылды. Кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Жезқазғанның көлік прокуроры.