Әр қиырдан жиналған 11 өнер ұжымы өздерінің ұлттық аспабымен, ұлттық әндерін шырқады. Мәселен, жапондар кото, хаяси, сякухати деп аталатын ұлттық музыкалық аспабымен ән шырқады. Дыбысы өте нәзік болғанымен, құлаққа жағымды. Сондай-ақ шотландықтардың волынкасы да көзге түсті. Үні қазақтың сазсырнайына келеді.
Фестиваль аясында қонақтар әр ұлттың өнерімен, тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. «Жезкиік» фестивалінің қатысушысы Дэниал Чавес Гонсалеске қазақтың қара домбырасының үні ұнап қалыпты.
«Бізге домбыра қатты ұнады. Дыбысы керемет. Әсіресе далада ойнағанда, табиғатпен үндесіп, керемет әсер қалдырады екен. Біздің виуэлла аспабына өте ұқсас» дейді ол.
Халықаралық музыка фестиваліне әлемнің әр қиырынан 92 өнерпаз қатысты. Олар өздерінің ұлттық аспаптарында ойнап, этно әндерді шырқады. Әсерлі кешті тамашалауға келген жұрттың қарасы көп.
«Ежелгі Ұлытауда үш жүздің басы қосылса, бүгінгі Ұлытауда үш құрлықтың өкілдерінің бастары қосылып отыр. Шынында да, бұл біздің тәуелсіздігіміздің, сол тәуелсіздікке жеткізген Елбасының саясаты мен еңбегінің арқасында деп ойлаймын» дейді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Кеште мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фестиваль қатысушыларына Елбасының құттықтау хатын жеткізді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған ән кешін енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ұсынды.
Айта кету керек, үш күндік фестиваль Жезқазған қаласында жалғасады. Мұнда классикалық музыка кеші өтпек.