ЖХЛ: «Қазцинк-Торпедо» хоккейшілері «Ермакты» тізе бүктірді

АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жоғары хоккей лигасының жаңа маусымы аясында Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедосы» кезекті ойынын Ангарск қаласында өткізіп, жергілікті «Ермак» командасын жеңді.

Бұл ойында «Қазцинк-Торпедо» бірінші болып есеп ашты. Алайда «Ермак» матчтың екінші кезеңінде таразы басын теңестірді. Ал үшінші кезеңде бір шайбамен алға шықты. Есеп - 1:2. Дегенмен Өскемен қаласының хоккей клубы өз шабуылдарын үдетіп, үш минутта қарсыластарымен теңесті. «Ермак» тағы бір шайбамен (2:3) алға шықты. Бірақ ойынның аяқталуына он минут қалғанда «Қазцинк-Торпедоның» хоккейшілері есепті теңестірді. Содан екі команда бір-біріне құйындай орап соғып, бір шайбаны болса да, салып кетуге тырысты. «Ермактың» командасының 7 мыңға жуық жанкүйері де біраз демеу жасады. Дегенмен, бұл тартыста Қазақстан командасының мерейі үстем болды. Ойынның соңына небәрі екі минуттай уақыт қалғанда, «Қазцинк-Торпедо» қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Осыдан кейін «Ермак» өскемендік клубтың қорғанысын бұза алмады. Қорытынды есеп - 4:3.

Осылайша, «Қазцинк-Торпедо» қатарынан жетінші рет жеңіске жетті. Бүгінде команда 20 ұпаймен Жоғары хоккей лигасында көш бастап тұр.