ЖХЛ: «Қазцинк-Торпедо» өз жанкүйерлерін қуантты

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедосы» өз алаңында «Рязань» (Ресей, Рязань) командасын ұтты.

Бұл матч аса тартысты өтті. Екі команда бір-біріне бой бермей, жеңіс үшін барын салды. Ойынның басында қарсыластар есепті ашып, бірінші болып алға шықса да, «Қазцинк-Торпедоның» хоккейшілері таразы басын теңестірді. Ал екінші кезеңде 3:1 есебімен басым түсті. Дегенмен, бұл кезең аяқталғанша, «Рязань» тағы екі шайбаны соғып кетті. Есеп - 3:3. Соңғы үшінші кезеңде командалар өз шабуылдарын үдетті. Қақпашылары да барын салып, шайбаны жіберіп қоймауға тырысты. Алайда Евгений Рымарев қарсыластар қақпашысын қапы қалдырып, өз командасын алға шығарды. Жеті минуттың ішінде «Рязань» есепті теңестірді. 4:4. Ал бірнеше секундтан соң, «Қазцинк-Торпедо» қайтадан алға шығып, есеп айырмасын ойынның соңына дейін ұстай білді. Қорытынды есеп - 5:4.

Кешегі ойыннан кейін «Қазцинк-Торпедоның» хоккейшілері тағы үш ұпайға қол жеткізіп, 43 ұпаймен жалпытурнирлік кестеде екінші орынға көтерілді. Бірінші орында - «Торос».