ЖХЛ: «Қазцинк - Торпедо» үшінші рет жеңіске жетті

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кешегі ойында Өскеменнің «Қазцинк-Торпедосы» өз алаңында Тольятти қаласының «Ладасын» қабылдап, үшінші рет жеңіске жетті.

Ойынның басында «Қазцинк-Торпедоның» хоккейшілері қарсыластардың қақпашысын қапы қалдырып, бір шайбамен алға шықса, жеті минуттан кейін есепті еселей түсті. «Лада» болса, Өскемен хоккей клубының қорғанысын бұза алмады. «Қазцинк-Торпедо» ережені бұзып, бір хоккейшіге ойнағанда ғана қарсыластар бір-ақ шайбаны салып кетті. Сосын ойынның соңына ештеңе істей алмады. Ал біздің команда екінші кезеңде есепті 3:1-ге дейін жеткізді . Ойынның соңына таразы басы өзгермеді.

Осылайша, Өскеменнің «Қазцинк-Торпедосы» өз алаңында өтізген үш ойында да жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Жалпы турнирлік кестеде ол «Торостон» кейін екінші орында тұр. Келесі ойын түзде өтеді. 18 қыркүйекте «Қазцинк-Торпедо» Карелия Республикасының «ВМФ-Карелия» командасымен кездеседі.