ЖХЛ: «Сарыарқаның» бүгінгі қарсыласы - «Зауралье»

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды қаласының «Сарыарқа» хоккей клубы сырт алаңда «Зауралье» (Ресей, Қорған қаласы) командасымен кездеседі.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Қарағанды қаласында өткен ойында «Сарыарқа» бұл команданы 2:1 есебімен жеңген болатын. Ол матчтың екінші кезеңінде «Сарыарқаның» хоккейшілері бір ойыншыға кем ойнап жүріп-ақ, қарсыласын қапы қалдырған. Есеп - 1:0. Дегенмен, үшінші кезеңде таразы басы теңесті. Матчтың негізгі уақытында жеңімпаз анықталмаса да, овертаймда, яғни қосымша уақытта «Сарыарқа» өз шеберлігін барынша таныта білді. «Зауральенің» бір хоккейшісі ережені бұзып, екі минуттық айып уақытын өтеуге аттанғанда, «Сарыарқаның» бас бапкері таймаут алды. Содан бір минуттың айналасында Қарағанды қаласының хоккей клубы өз басымдығын іске асыра білді. Кирилл Лебедев екінші шайбаны соғып, команданы жеңіске жетеледі. Қорытынды есеп - 2:1.

Негізі, «Зауралье» Құрлықтық хоккей лигасының аутсайдері болып саналады. Ол әлі күнге дейін жалпытурнирлік кестенің соңғы сатысынан шыға алмай келеді. Команда 19 ұпаймен ең төменгі 26-шы орында тұр. Ал «Сарыарқаның» еншісінде 47 ұпай бар. Қарағанды қаласының хоккей клубы турнир кестесінде 9-шы орында келеді.