ЖИ арқылы қылмыс жиі жасалатын орындарды автоматты түрде екшейтін жүйе керек – Абзал Құспан
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан Kazinform тілшісіне құқық қорғау саласының алдында тұрған жүйелік бетбұрыстар жайында шағын сұхбат берді.
– Абзал мырза, Мемлекет басшысы бүгінгі құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде бірқатар маңызды тапсырма жүктеді. Соның ішінде салада цифрландыруды тереңдету, жасанды интеллектіні қылмыстың алдын алуға пайдалану мәселесі көтерілді. Осы бағытта қандай жаңашылдықтар енгізуге болады деп ойлайсыз?
– Президент көтерген мәселелер – уақыт талабы. Бүгінде құқық қорғау жүйесін цифрландыру тек тиімділікті емес, ашықтық пен сенімділікті де қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен құқықбұзушылықтар талдана отырып, қылмыс жасалуы ықтимал жерлер мен тұлғалар туралы болжам жасауға мүмкіндік туады. Мәселен, видеобақылау жүйелерін ЖИ арқылы талдау, криминогендік учаскелерді картада автоматты белгілеу, көлік және тұлғалар қозғалысын интеллектуалды бақылау – бәрі де дербес шешім қабылдауға емес, нақты дерекке сүйенген талдауға негізделген жаңа дәуірді бастайды. Бірақ бұл үшін құқықтық база да, этикалық шектеулер де алдын ала нақтылануы тиіс.
– Мемлекет басшысы сөз еткен екінші бір маңызды мәселе – сотталғандарды қамауда отырған кезінде-ақ қоғамға бейімдеу. Сіз бұл бағытта қандай шаралар қажет деп есептейсіз?
– Бұл – мен өзім бірнеше рет Парламент қабырғасында көтерген маңызды мәселе. Қазіргі пенитенциарлық жүйе, өкінішке қарай, көбіне жазалауға ғана бағытталған. Енді біз қылмыскерді емес, адасқан адамды қайта қоғамға қайтаруға назар аударуымыз керек. Ол үшін, ең әуелі сотталған адамға нақты кәсіби білім, еңбек дағдылары берілуі керек. Мысалы, дәнекерлеуші, электрик, сантехник, аспаз сияқты нарықта сұранысқа ие қарапайым мамандықтарға тікелей мекеме ішінде оқыту жүйесін жолға қою қажет. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыру, психологиялық көмек, отбасы байланыстарын сақтау – бұл да қоғамға бейімделудің бір бөлшегі.
Тағы бір маңыздысы – «пенитенциарлық пробация» деген ұғымды енгізу, яғни сотталған адам қамауда отырса да, жазасын өтеу барысында қоғамдық жұмысқа, кәсіптік дайындыққа тартылып, шартты түрде босауға дейінгі кезеңде бейімдеу бағдарламасына қатысады. Бұл – рецидив деңгейін төмендетудің нақты жолы.
– Сізге депутат ретінде азаматтардан сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңсыздықтарына байланысты қанша шағым түсті? Бұл шағымдар көбінесе қандай заңсыздықтармен байланысты?
– Жыл басынан бері маған келіп түскен азаматтық шағымдардың басым бөлігі дәл осы сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты. Ресми статистикаға жүгінсек, мен Мәжіліс депутаттарының ішінде ең көп арыз-шағым алатын халық қалаулыларының қатарындамын. Дегенмен, барлық өтінішті нақты санмен бөліп-жарып айту қиын, себебі кейде бір шағымның өзінде бірнеше мәселе қатар көтеріледі. Бірақ менің жеке бақылауым бойынша, тергеу іс-әрекеттеріне байланысты шағымдар үлестік салмағы жағынан алдыңғы орында.
Бұл шағымдардың мазмұнына келсек, негізгі проблема – тергеудің біржақтылығы. Көп жағдайда құқық қорғау органдары күдікті тараптың дәлелдерін елемей, айыптаушының ғана позициясына сүйенеді. Сондай-ақ қорғаушы тарап – адвокаттардың тергеу барысында өз кәсіби міндеттерін толыққанды атқаруына жағдай жасалмайды. Шын мәнінде, бұл – қылмыстық процестегі басты принциптердің бірі – тараптардың тең құқылығы мен бәсекелестік қағидасына қайшы.
- Бұлардың бәрін жекелеген мәселе деп қарастырмай, жүйелік проблема ретінде заңнаманы жетілдіру арқылы шешуге болмай ма?
- Кейбір істерде күдіктілердің процессуалдық құқықтары толық түсіндірілмейді, ал кейде олар қысым көрсету, мойындату арқылы алынған жауаптар негізінде қылмыстық жауапқа тартылып жатады. Мұндай жағдайлар азаматтардың әділдікке деген сенімін әлсіретіп, бүкіл жүйеге күмән тудырады.
Сондықтан мен бұл мәселені бірнеше рет Мәжіліс қабырғасында көтердім. Қазір біз Қылмыстық процестік кодексіне және басқа да нормативтік актілерге нақты өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобын жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз – сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына нақты кепілдіктер орнату.
Жалпы бұл бағыттағы реформалар терең әрі жүйелі жүргізілсе ғана нәтиже береді. Сол үшін заң шығарушы орган ретінде біз де өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор.