ЖИ еңбек міндеттерін өзгертеді
Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) Future of Jobs Report 2025 есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмысшыларға қажет негізгі дағдылардың шамамен 40 пайызы өзгереді. Жұмыс берушілердің 58 пайызы цифрлық қолжетімділіктің кеңеюін бизнесті өзгертетін негізгі факторлардың бірі деп санаса, шамамен 70 пайызы қажетті дағдылар тапшылығын басты кедергі ретінде атаған.
Өзгерістің ауқымын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зерттеуі де көрсетеді. 1 278 кәсіби топтағы 9,2 миллион жұмыскерді қамтыған зерттеу нәтижесінде 562 кәсіби топтағы төрт миллионға жуық адамның еңбек қызметі айтарлықтай өзгеруі мүмкін екені анықталған. Бұл – зерттеуге қамтылған еңбек нарығының шамамен 44 пайызы.
Алайда ол төрт миллион адамның жұмыссыз қалатынын білдірмейді. Негізгі өзгеріс – еңбек міндеттерінің қайта бөлінуі. ЖИ құжат дайындау, ақпарат іздеу, деректерді өңдеу сияқты күнделікті жұмыстарды атқара алады, ал шешім қабылдау, нәтижені тексеру және жауапкершілік адамға қалады.
Қазір еліміздегі жұмыс міндеттерінің 43 пайызы негізінен адам күшімен, 31 пайызы маман мен технологияның бірлесуі арқылы, 26 пайызы технология көмегімен орындалады. 2030 жылға қарай технологияның үлесі 39 пайызға дейін өсуі мүмкін.
HR және мемлекеттік қызмет саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Асқар Есімсейітовтің айтуынша, еңбек нарығындағы мұндай өзгеріс ЖИ-ден бұрын-ақ цифрландырумен басталған.
– Қарапайым мысал келтірейін. Астанада ақылы лифтілері бар үйлер бар. Бұрын олардың балансын арнайы қызметкерлер толықтыратын. Қазір мұны банк қосымшасы арқылы бірнеше секундта жасауға болады. Яғни цифрландырудың өзі кейбір күнделікті міндеттерді адамның қолынан тартып алды, – деді Асқар Есімсейітов.
Сарапшының айтуынша, ЖИ бұл үдерісті одан әрі жеделдетіп отыр. Қазірдің өзінде жасанды интеллект клиенттердің стандартты сұрақтарына жауап береді, құжат талдайды, хаттардың жобасын дайындайды және көптеген күнделікті әрекетті адамға қарағанда әлдеқайда жылдам орындайды.
Қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?
ЖИ-дің әсері ең алдымен қайталанатын және стандартты операциялары көп кәсіптерден байқалады. Министрліктің бағалауынша, 2035 жылға қарай 562 мамандық трансформацияланады. Тағы 46 мамандық сақталғанымен, олардағы қызметкерлердің саны қысқаруы мүмкін. Ал 14 мамандық толық автоматтандырылу қаупінде тұр. Сонымен қатар еңбек нарығында 33 жаңа мамандық пайда болады деп күтіледі.
Толық автоматтандыру қаупі бар кәсіптердің қатарында мәтінді өңдеу операторлары, мәтін терушілер, деректерді енгізу мамандары және корректорлар бар. Бұл жұмыстардың басым бөлігін алгоритмдер орындай алады.
Дегенмен технологияның дамуы еңбекке деген сұранысты толық жоймайды. Керісінше, оның құрылымын өзгертеді. 2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет болады деп болжанып отыр. Оның 1,8 миллионы немесе 62 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.
Бұл сұраныс қазірдің өзінде еңбек биржасында байқалады. Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 845 мың бос жұмыс орны жарияланып, оның 432 мыңы немесе 51 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі болды.
Асқар Есімсейітовтің айтуынша, болашақтағы сұраныс тек IT саласымен шектелмейді.
– Инженерлерге, энергетиктерге, құрылысшыларға, логистика және көлік саласының мамандарына, электронды коммерция мамандарына және білікті жұмысшыларға сұраныс жоғары деңгейде сақталады.
Қалалардың, инфрақұрылымның, өнеркәсіптің, логистикалық орталықтар мен маркетплейстердің жұмысын тек кеңсе қызметкерлері немесе жасанды интеллект арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес. Адаммен тікелей қарым-қатынасты қажет ететін медицина, білім беру, күтім және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында да мамандар қажет, – деді ол.
Кадр даярлаудағы өзгеріс
Қызметкерлерді қайта даярлау еңбек нарығының маңызды бөлігіне айналады. Бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып отыр. Мысалы, жақында «Қазақтелеком» әкімшілік сипаттағы күнделікті жұмыстардың бір бөлігін виртуалды ЖИ-агенттерге беріп, еңбек жүктемесін қайта бөлуді жоспарлап отыр.
Еңбек нарығындағы өзгеріс білім беру жүйесіне де жаңа талап қояды. Қазақстанда 763 колледжде 556 мың студент білім алады. Биыл 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылған. Сонымен қатар қысқа мерзімді микробіліктілік бағдарламаларын дамыту қолға алынуда.
ЖИ дағдыларын меңгеру де кеңейіп келеді. Бүгінде 706 мыңнан астам студент базалық ЖИ курстарынан өткен. Ал жыл соңына дейін Мамандықтарды трансформациялаудың ұлттық орталығын толық іске қосу жоспарланып отыр. Оның негізгі міндеттерінің бірі – еңбек нарығына қажет жаңа мамандықтар мен құзыреттерді алдын ала болжау.
ЖИ-мен жұмыс істей алатын мамандар сұраныста болады
Жаңа еңбек нарығында кәсіби біліммен қатар технологияны қолдана білу де маңызды. QS Quacquarelli Symonds бағалауынша, Қазақстандағы кәсіптердің 53 пайыздан астамында жекелеген функцияларды ішінара автоматтандыруға мүмкіндік бар. Ал жұмыс күшінің шамамен 70 пайызында ЖИ көмегімен өнімділікті арттыру әлеуеті орташа немесе жоғары.
Сондықтан мәселе барлық маманды бағдарламашыға айналдыруда емес, өз кәсібінде ЖИ-ді тиімді пайдалана білуде.
Сарапшылардың пікірінше, кәсібін жақсы білетін әрі жасанды интеллектіні жұмыс құралы ретінде пайдалана алатын бухгалтер, заңгер, HR-маманы, маркетолог немесе менеджердің құндылығы арта түседі.
Бұл өзгеріс HR саласында да байқалады. ЖИ бос жұмыс орнының сипаттамасын дайындап, жүздеген түйіндемені өңдеп, үміткерлерді бастапқы іріктеуден өткізе алады. Ал маманның компанияға сәйкестігі, ұжымға бейімделуі және кәсіби дамуы маман тарапынан бағаланады.
– Қазір маман үшін ең маңызды қабілеттердің қатарында жаңа технологияларды тез меңгеру, аналитикалық ойлау, коммуникация, бейімделгіштік пен үздіксіз білім алу бар. Артықшылық – жинақталған білімнің көлемінде емес, дағдыларды үнемі жаңартып отыру қабілетінде, – деп санайды Асқар Есімсейітов.
Еске салайық, бұған дейін ЖИ-дің қазақтың тарихы мен салт-дәстүрін қаншалықты білетінін жазған едік.