Оның айтуынша, қазіргі уақытта ЖИ-дің еңбек нарығына әсері мәселесін Еңбек ресурстарын дамыту орталығы зерттеп жатыр.
— Олардың мәліметінше, алдағы 10 жылда, яғни жасанды интеллект жаппай енгізілсе, біраз жұмыс орыны қысқаруы мүмкін. Бұл ретте көмекші қызметкерлерге, бухгалтерлерге, заңгерлерге, сондай-ақ адамның жеке араласуын қажет етпейтін өзге де мамандықтарға қатысты болуы ықтимал. Бұл салалар бойынша орталық шамамен 300-400 мың жұмыс орнын санады, - деді Е.Тұяқбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Вице-министр ведомство қазірдің өзінде өзгерістерге дайындалып жатқанын және кадрларды қайта даярлау бағдарламаларын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
— Жыл басынан бері 186 мың адамды басқа мамандықтарға қайта оқыттық. Бұл тәжірибе барлық өңірде бір мезгілде іске асып жатыр. Астанада «JOLTAP» деп аталатын шағын сары бутиктер бар, оған кез келген адам бара алады. Қайта оқытудан өтіп, өзіне лайық жұмыс таба алады, - деді ол.
Еске салсақ, жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы уақытта жасанды интеллект елімізде қай мамандықтарға ерекше әсер ететіні жайында түсінік берді.