ЖИ кеңседе отырып қалғандарды спортқа тартудың жолын тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын корпоративтік спортқа енгізу жоспарланып отыр.

Фото: Kazinform/ЖИ

Кеңсе қызметкерлерін қозғалысқа қалай тартуға болады?

Цифрлық формат күні бойы кеңседе отырып жұмыс істейтін адамдарды көбірек қозғалысқа тартуға, қызметкерлер арасында спорттық челлендждер өткізуге және нәтижелерді автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл бұқаралық спортты дамыту мен халықтың дене белсенділігін арттырудың жаңа құралдарының біріне айналуы мүмкін.

Қазіргі таңда көптеген адамның жұмыс күні компьютер алдында өтеді. Кеңсе қызметкері таңертең жұмысқа келіп, бірнеше сағат бойы орнынан тұрмай отыруы мүмкін. Жұмыстан кейін де спортзалға баруға уақыт немесе ынта әрдайым табыла бермейді.

Нәтижесінде қозғалыс азаяды. Ал халықтың денсаулығы тек әр адамның жеке мәселесі емес. Адам ауырса, жұмысқа шықпайды, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алады. Бұл жұмыс процесіне, еңбек өнімділігіне және жалпы экономикаға әсер етеді. Сондықтан жұмыс істейтін халықты дене белсенділігіне тарту бұқаралық спортпен қатар қоғамдық денсаулық үшін де маңызды.

Фото: Ғабит Салтыбаев

Осындай жағдайда корпоративтік спорт үлкен аудиторияны қамтудың бір жолы бола алады. Өйткені еңбекке қабілетті адамның күнінің едәуір бөлігі жұмыс орнында өтеді.

Алайда қызметкерлерге фитнес-клубқа абонемент беру немесе жылына бір рет спартакиада өткізу адамның тұрақты түрде спортпен айналысатынын білдірмейді. Негізгі мәселенің бірі — адамды күн сайын қозғалысқа қалай ынталандыру керек?

Қазақстандық AI SPORT жобасы бұл мәселені жасанды интеллект пен ойын элементтері арқылы шешуді ұсынады.

Платформада қызметкер смартфон камерасының алдында отырып-тұру, итеріліп көтерілу және жалпы дене дайындығына арналған басқа да базалық жаттығуларды орындай алады. Жасанды интеллект адамның қозғалысын танып, орындалған қайталауларды санайды және нәтижені тіркейді.

Жүру, жүгіру және велосипед тебу сияқты белсенділіктер GPS арқылы есепке алынады. Осылайша адамның спортпен айналысуы тек спортзалмен шектелмейді.

Спорттағы жарыс қызметкерлерді белсенді болуға ынталандыра ала ма?

Корпоративтік спорттағы маңызды құралдардың бірі — жарыс элементі.

Мәселен, бір компанияның қызметкерлері бір ай ішінде кім көп қадам жасайтынын, белгілі бір жаттығуды кім көбірек орындайтынын немесе қай бөлімнің белсенділігі жоғары болатынын анықтайтын челленджге қатыса алады.

Бұл жерде мотивация тек ақшалай сыйлықпен шектелмеуі мүмкін. Компания үздік қызметкерлер мен командаларды марапаттап, рейтинг жүргізіп, кубок, сертификат немесе басқа да сыйлықтар бере алады. Мұндай тәсіл қызметкерге өз нәтижесін көруге және әріптестерімен бірге ортақ мақсатқа қатысуға мүмкіндік береді.

Материалдық ынталандыру да қарастырылуы мүмкін: компаниялар өз мүмкіндігіне қарай жеңімпаздарға сыйлық, бонус немесе басқа марапат ұсына алады. Бірақ цифрлық форматтың негізгі мақсаты — адамды бір реттік жарысқа емес, тұрақты қозғалысқа тарту.

Ұлттық цифрлық және AI спорт федерациясының президенті Ғабит Салтыбаевтың айтуынша, технология адамның орнына спортпен айналыспайды, бірақ оған тұрақты қозғалысты әдетке айналдыруға көмектесе алады.

— Басты міндет — адамды қозғалысқа ынталандыру. Жарыс пен цифрлық технология спортты күнделікті әдетке айналдыруға көмектеседі, — дейді Ғабит Салтыбаев.

Фото: Ғабит Салтыбаев

Мемлекет үшін оның маңызы неде?

Цифрлық корпоративтік спорттың ауқымын тек бір компанияның қызметкерлерімен шектеуге болмайды. Егер мұндай бағдарламалар ірі кәсіпорындарда, мемлекеттік және жеке ұйымдарда қолданылса, жұмыс істейтін халықтың үлкен бөлігін қамтуға мүмкіндік пайда болады.

Мемлекет үшін мұндағы негізгі нәтиже — халықты спортпен айналысуға тартудың қосымша арнасын қалыптастыру.

Адамның спортзалға өз еркімен келуін күтудің орнына дене белсенділігін оның күнделікті өміріне — жұмыс орнына, смартфонына, әріптестерімен қарым-қатынасына енгізуге болады.

Мұндай тәсіл спорт инфрақұрылымын алмастырмайды. Бірақ ол спортзалға тұрақты бармайтын немесе кәсіби жаттықтырушымен айналыспайтын адамдарға қарапайым дене белсенділігін бастауға мүмкіндік береді.

Бұл жерде экономикалық фактор да бар. Денсаулығы жақсы және белсенді халық еңбек нарығы үшін маңызды. Ал ауруға байланысты жұмысқа шықпау тек адамның өзіне емес, жұмыс берушіге және тұтастай еңбек процесіне әсер етеді.

Сондықтан корпоративтік спортты тек компания ішіндегі тимбилдинг ретінде емес, жұмыс істейтін халықтың дене белсенділігін арттырудың бір тетігі ретінде қарастыруға болады.

Асық пен ләңгі де цифрландырылады

AI SPORT технологиясын тек корпоративтік жаттығуларға пайдалану жоспарланып отырған жоқ.

Жобаның келесі бағыттарының бірі — ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды цифрлық ортаға енгізу. Асық ату, ләңгі тебу және садақ ату бойынша жаттығулар, челлендждер мен жарыс форматтарын әзірлеу қарастырылған.

Әр бағыт үшін жеке цифрлық шешім қажет. Кейбір жаттығулар нақты спорттық құрал-жабдықтармен орындалса, басқа тапсырмаларда смартфон немесе планшет камерасы адамның қозғалысын танып, орындалған әрекеттерді тіркей алады.

Сонымен қатар үстел теннисі, бокс, футбол және баскетбол бағыттарындағы жаттығуларды цифрландыру жоспарланып отыр. Ал отырып-тұру сияқты жалпы дене дайындығы жаттығулары әртүрлі спорт түрлеріне қажетті базалық физикалық дайындық ретінде қолданылады.

Ұлттық ойындарды цифрлық форматқа көшірудің мақсаты — оларды виртуалды ойынмен алмастыру емес. Керісінше, технология арқылы адамды нақты қозғалысқа тарту, ойын ережелерін үйрету, нәтижесін тіркеу және жарыс ұйымдастыру көзделген.

Бұл балалар мен жастарға ұлттық спортты жаңа форматта таныстыруға, ал болашақта қазақтың дәстүрлі ойындарын халықаралық аудиторияға көрсетуге мүмкіндік береді.

Фото: Ғабит Салтыбаев

Осылайша жасанды интеллект спортта тек кәсіби нәтиже үшін қолданылатын технология болудан қалып, бұқаралық спорттың құралына айнала алады. Ал оның тиімділігі қанша адамның қосымшаға тіркелгенімен емес, қанша адамның күнделікті өмірінде көбірек қозғала бастағанымен өлшенбек.

Осыған дейін Қазақстанда цифрлық және AI-спорт федерациясы құрылғанын жазғанбыз.