ЖИ көмегімен Қазақстанның инвесторларға тартымдылығын арттыруға болады - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект пен заманауи суперкомпьютерлер көмегімен инвестициялық процесті автоматтандыру арқылы бюрократияны екі есеге қысқартуға болады. Бұл туралы «Қазақстан инвесторлары қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрағасы Рүстем Жүрсінов хабарлады.

Фото: www.facebook.com/rzhursunov/

Сарапшы Рүстем Жүрсінов инвесторлар үшін тартымды елге айналу үшін іске қосылуы тиіс маңызды жүйе туралы айтты.

- Суперкомпьютер Big Data негізінде бизнеске қатысты 680 мыңнан астам өтініш пен шағымды талдап шықты. Олардың ішінде бірнеше рет қайталанған хабарламаларды алып тастағанда, нақты 665 мың арыз бар. Осы мәселелердің жартысынан астамын автоматты түрде шешетін жүйе құрсақ, Қазақстан инвесторлар үшін нағыз қауіпсіз елге айналады, - деді ол «Қазақстанға инвестиция тарту. Халықаралық капитал үшін қолайлы мекен» атты дөңгелек үстелде.

Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, Қазақстанның инвестициялық хаб ретіндегі позициясы тұрақты. 

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елге келген тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 20,5 миллиард долларды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға өскен. Ең бастысы капиталдың құрылымы өзгеріп, шикізаттық емес секторлар жандана бастады. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 47%-ға артып, 4,4 миллиард долларға жетсе, қаржы және сақтандыру саласы 4,3 миллиард долларды құраған. Ақпарат пен байланыс саласы 2,4 есе өсіп, 1,4 миллиард долларға, ал көлік пен логистика бағыты 5 есеге бір-ақ өсіп, 1 миллиард долларға жеткен, - деді ол.

Фото: Адиль Нуртазин / Kazinform

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында салық жеңілдіктері мен гранттар отандық және шетелдік компанияларға тең негізде ұсынылады. Өткен жылы 30 инвестициялық келісім мен 73 келісімшарт жасалса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында тағы 47 құжатқа қол қойылған.

Қаржы нарығы инфрақұрылымының инвестиция тартуға дайын екенін Қазақстан қор биржасы (KASE) клиенттермен жұмыс басқармасы директоры Алиса Карбаева да атап өтті. Оның айтуынша, биржа орталық депозитарий мен есеп айырысу жүйесін толық қамтып, капитал тартуға және шағын және орта бизнесті кеңейтуге қажетті барлық техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз еткен.

- KASE жаһандық және ішкі капиталды қабылдауға, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын. Бизнеске капитал тартуды ілгерілету үшін барлық процестерді жеңілдеттік, - деді маман.

Фото: Асқар Қысықовтың жеке мұрағатынан

Сарапшылар инвестиция ахуалына қатысты қауіпті тұстар бар екенін атап өтті. Экономист Асқар Қысықов нарықтағы іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуі бірқатар секторларда байқалып отырғанын айтты. Оның сөзіне сәйкес, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі инвестиция тартуға тікелей әсер етеді.

- Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы деректеріне сәйкес, кейбір салаларда өсім қарқыны айтарлықтай баяулаған. Мәселен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы небәрі 0,7%-ға ғана өскен. Тұрғын үй құрылысы 1,5%-ға төмендеп, жылжымайтын мүлік секторында 4,3%-дық құлдырау байқалды, - деді ол.

Айта кетейік, елімізде инвестициялық кедергілерді жоюға арналған жаңа жоба басталғаны туралы жазған едік.

                                                                                                                                            Дария Ғұмар