ЖИ көмегімен жем қорын тиімді басқаруға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект енді ауыл шаруашылығындағы шығынды азайтуға көмектеспек. Назарбаев Университетінің мамандары әзірлеген жаңа жүйе мал азығының нақты көлемін есептеп, фермерлерге жем шығынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Назарбаев Университетінде әзірленген BunkSense жобасының авторы Мирас Мұратқанов жаңа жүйенің мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Фото: АШМ

Оның сөзінше, жобаның пайда болуына ірі шаруашылықтардағы жем шығынын дәл есептеу мәселесі себеп болған.

— 10 мың басқа арналған бордақылау алаңында күніне шамамен 100 тонна жем жұмсалады. Оның құны 15 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Көп жағдайда жемнің қаншасы желінгенін немесе қаншасы қалғанын қызметкерлер көзбен шамалап бағалайды. Мұндай жағдайда қателік деңгейі 10 пайызға дейін жетуі ықтимал. Біз осы мәселені нақты цифрлар арқылы шешуді мақсат еттік, — дейді Мирас Мұратқанов.

Жоба авторының айтуынша, BunkSense жүйесі компьютерлік көру технологиясы мен жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Арнайы камера жем науасындағы азық көлемін түсіріп, жүйе оның нақты мөлшерін автоматты түрде есептейді. Нәтижесінде фермерлер жем тұтыну көрсеткіштерін бақылап, азық қорын тиімді жоспарлай алады.

Маман бұл идеяны әзірлеу кезінде АҚШ пен Австралиядағы ұқсас жобалардың тәжірибесі зерттелгенін айтты. Алайда қазақстандық әзірлеушілер шетелдік жүйелердегі қымбат жабдықтардың орнына қолжетімді шешім ұсынуға тырысқан.

— Көп елдерде мұндай жүйелер арнайы сенсорлар арқылы жұмыс істейді. Біз оны қарапайым камерамен алмастыруды жөн көрдік. Камераны жасанды интеллектпен біріктіріп, қажетті ақпаратты дәл анықтайтын жүйе жасадық. Соның арқасында жабдықтың құнын төмендетуге мүмкіндік туды, — дейді жоба авторы.

Әзірлеушінің мәліметінше, жүйе зертханалық жағдайда 98 пайызға дейін дәлдік көрсеткен. Ал шаруашылықтарда жүргізілген сынақтарда көрсеткіш 86-97 пайыз аралығында болған.

Мирас Мұратқановтың айтуынша, жаңа технологияны пайдалану үшін күрделі техникалық білім қажет емес. Жүйе фермерлерге барынша қарапайым әрі түсінікті етіп әзірленген. Болашақта оны тракторға немесе шаруашылықтағы басқа техникаға орнатып пайдалану жоспарланып отыр. Жасанды интеллектпен бұрын жұмыс істемеген адамдардың өзі жүйені оңай пайдалана алады.

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде мал шаруашылығын ғылым арқылы дамыту көзделіп отырғанын жазған едік.