ЖИ мектеп бағдарламасын қалай өзгертті – педагог

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек ІТ мамандарының құралы болудан қалып, мектеп сыныптарына жаңашылдық әкелген білім берудің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе цифрлық дәуірде туған альфа ұрпағымен тіл табысуда жаңа технологияларды тиімді пайдаланатын ұстаздар көш бастап тұр. Педагогикалық инновация шеберханасы қалалық байқауының жеңімпазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фариза Маннап Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына заманауи форматқа көшірудің және ЖИ көмегімен дайындаған ерекше сабақтарының сырымен бөлісті.

Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желідегі 15 секундтық қысқа видеоларға үйренген қазіргі оқушыларға 45 минут бойы сабақ беру мұғалімдер үшін оңайға түспей тұр. Осы орайда, Фариза Маннап биылғы оқу жылында сабақ процесіне жасанды интеллектіні белсенді енгізе бастағанын айтады. 

– Қазіргі ұрпаққа әлеуметтік желідегі 15 секундтық видео да қызық болмай қалған. Ал ойлаңыз, біз үшін 45 минут оларға сабақ түсіндіру, белгілі бір дүниені үйрету – шынымен ауыр жұмыс. Сондықтан биылғы жылдың басты артықшылығы да сол, ЖИ қолданумен ерекше болып отыр. Біз оны сабаққа дейінгі процесте де, сабақ үстінде де шығармашылық құрал ретінде бірге қолданамыз. ЖИ оқушылардың ішіндегі шығармашылық қабілеттерін ашуда, өздерінің жасампаз тұлға ретінде қалыптасуына көмектесіп жатыр, - дейді ол.

Фото: видеодан алынған скрин

Ұстаздың айтуынша, ЖИ құралдары әсіресе сыныптағы ерекше көңіл бөлуді қажет ететін немесе үлкен мәтіндерді қабылдауы қиын балалармен жұмыс істеуде таптырмас көмекшіге айналған. 

Көлемді шығармаларды автордың көркем тілін сақтай отырып, ЖИ көмегімен визуалды «сторибук» (суретті кітапша) ретінде бейнелеп берудің арқасында оқушылардың сабаққа деген құлшынысын артқан. Мәселен, әдебиет сабағында кейіпкерлермен виртуалды хат алмасу әдісі оқушыларға ерекше әсер еткен.

– Жақында 10-сынып оқушыларымен «Бесеудің хатын» өттік. Ол – өте ауыр шығарма. Сол кездегі аштық, қиын күндерді, әрине, бейбіт күнде отырған ұрпақ толық түсіне алмауы мүмкін. Балалар шығарма кейіпкеріне, авторға хат жазды. Кейін ЖИ арқылы әркім өзіне сол кейіпкердің атынан жауап хат алды. Тек шығарманы оқыған аздық етеді екен, ал кейіпкердің жауабы келген кезде, хатты оқып отырып көздеріне жас алған оқушылар болды. Қазір ондай мүмкіндік бар кезде, неге жаңа форматтарды қолданбасқа, - деді мұғалім. 

Фото: видеодан алынған скрин

Осы орайда Фариза Маннап негізінен Gemini және NotebookLM платформаларын тұрақты қолданатынын айтады. Балалардың бұл әдіске деген кері байланысы өте жоғары екенін байқаған.

Алайда ұстаз жасанды интеллектінің қауіпті тұстарына да тоқталып, балаларға цифрлық сауаттылықты үйрету маңызды екенін атап өтті.

– ЖИ біздің оң қолымызға, көмекшімізге айналды. Бірақ оны тек құрал, технология ретінде қабылдап, оқушыларға ЖИ-ді сауатты қолдануды үйретуіміз керек. Олар жыл басында ЖИ-ге дайын жауапты жаздырып, көшіріп келуге дайындалатын. Қазір көзқарастары өзгерді, - деп түйіндеді Фариза Маннап. 

Фото: видеодан алынған скрин
Фото: видеодан алынған скрин

Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысының орта мектептерге жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойған еді. 

Бұған дейін, астаналық мектеп оқушылары қарттар мен дәрігерлерге көмектесетін ЖИ-роботтары жайлы жазған болатынбыз.