Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның барлық өңіріндегі 500 шағын жинақты мектепте ЖИ технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жоба профессор Кайфу Лидің ұсынысы негізінде жүзеге асырылмақ.
– Біздің есептеуімізше, жасанды интеллект технологиялары мұғалімдеріміздің аптасына 12 сағатқа дейінгі уақытын үнемдейді. Бұл уақытты ұстаздарымыз балалармен жеке жұмысқа, білімдегі олқылықтарды толтыруға, сонымен бірге қабілетін дамытуға жұмсауға тиіс, – деп атап өтті министр.
Бұл ретте жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастырмай, оған қолдау көрсетуі қажет.
– Біздің ұстанымымыз айқын: жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, ол тек қана мұғалімнің кәсіби мүмкіндігін арттыруға көмекші болып қала береді. Жаңа технология да білім сапасын өздігінен арттыра алмайды. Сондықтан биыл мемлекеттік стандарттар, оқу бағдарламалары және оқу-әдістемелік кешендері жүйелі түрде зерделенді, – деді Ж. Сүлейменова.
Қазақстанда алғаш рет 1-11 сыныптарға арналған барлық қолданыстағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер толық сараптамадан өткен.
Зерттеу нәтижесінде оқу материалдарының төрттен бірінен астамы ескіргені анықталған. Осыған байланысты оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту және оларды бағалаудың үш деңгейлі жаңа сараптама жүйесін енгізу қолға алынып отыр.
– Жалпы біз жаттауға негізделген білімнен ойлануға және сол алған білімді қолдануға үйретуге көшетін боламыз. Осы тұста Өзіңіз үнемі назарда ұстайтын кітап оқу мәдениетінің маңызы артып келе жатқандығына ерекше тоқталғым келеді. Жасанды интеллект жалпы жылдамдық береді, ал кітап бізге терең ойлау және терең білім береді. Білім жүйесінің басты міндеті – кітап оқуды және жасанды интеллектіні дұрыс үйлестіру, – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.
Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.