ЖИ мұғалімнің көмекшісіне айналды ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ұстаздар білім берудің дәстүрлі тәсілдерімен шектелмей, заманауи технологияларды белсенді қолдана бастаған. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтылды.

Фото: ЖИ

Осындай тәсілді өз тәжірибесінде қолданып жүрген ұстаздардың бірі — Қамбар Рахмет. Ол Астанадағы М. Дулатұлы атындағы № 68 мектеп-гимназиясында жұмыс істейді.

Видеодан алынған кадр

— «Педагог-креатор» ретінде дамып отыруға тырысамын. Көркем еңбек сабағын шығармашылық жобалармен және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастырамын, — деді ол.

Мұндай ізденіс ұстаздың кәсіби жетістіктерінен де көрініс тапқан. Атап айтқанда, Қамбар Рахмет осы еңбегінің нәтижесінде «Ең көп жетістікке жеткен мұғалім» аталымына ие болған. Ал тәжірибесін одан әрі жетілдіру мақсатында жуырда арнайы жолдама жеңіп алып, Кореяда тағылымдамадан өтіп қайтты.

Шетелдік тәжірибемен танысып, заманауи білім беру тәсілдерін зерделеу ұстаз үшін жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдаланудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берген. Оның пікірінше, технологияның басты артықшылығы — мұғалімді алмастыру емес, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтіп, оқу үдерісін жаңа деңгейге шығаруға көмектесу.

— Жасанды интеллект — білім сапасын арттыруға, ұстаз еңбегін жеңілдетуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи құрал. Қуантатыны, мектеп ұстаздары мұны түсініп, білім берудегі жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуда, — деді спикер.

Еске салайық, Қазақстан ЖИ заңнамасын қайта қарауы мүмкін.