Оның айтуынша, олимпиада тапсырмалары қатысушыларға жасанды интеллектінің нақты өмірде қалай қолданылатынын түсінуге мүмкіндік беретін практикалық кейстерге негізделген.
— Мәселен, радиосигналдарды өңдеу, кедергілерді анықтау, бөлмедегі заттардың орналасуын айқындау сияқты тәжірибелік тапсырмалар бар. Мұндай кейстер балаларға жасанды интеллектінің қалай жұмыс істейтінін және оны іс жүзінде қалай қолдануға болатынын түсінуге көмектеседі. Осындай жарыстарға қатысатын оқушылар келешекте табысты стартаптар құрып, технологиялық жобаларды іске асырып, ғылыми зерттеулермен айналысып, технологиялық кәсіпкерге айналуы мүмкін, – деді Бағдат Мусин.
Федерация басшысы мұндай зияткерлік жарыстардың қатысушылардың болашақ мансабына әсерін көрсететін статистиканы келтірді.
— Осындай олимпиадаларға қатысушылардың миллиардер әрі ірі технологиялық кәсіпкер атану мүмкіндігі 1,5 мың есе жоғары. Сонымен қатар олардың ЖИ, бағдарламалау және компьютерлік ғылымдар саласында ғылыми жаңалық ашу ықтималдығы 4 мың есе көп, – деді ол.
Оның пікірінше, IOAI-2026 олимпиадасын өткізу Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыда маңызды.
— Бұл Қазақстан үшін халықаралық олимпиада өткізіп, өзін ұйымдастырушы ел ретінде таныту мүмкіндігі ғана емес. Бұл – мемлекеттің жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беретінін көрсетеді. Біздің оқушылар ЖИ Қазақстаннан тыс жерде ғана жасалатын дүние еместігін, өз елімізде де әлемнің ең мықты командаларымен тең дәрежеде жарысуға болатынын көруі керек, – деп атап өтті Б. Мусин.
Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына әртүрлі елден келген 14 сарапшы енген.
Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті IOAI-2026 – коммерциялық байқау еместігін еске салды. Сондықтан ұйымдастырушылар жеңімпаздарға ақшалай сыйлық қарастырмаған.
Қатысушыларды марапаттау мәселесін әр мемлекет дербес ұйғарыммен шешеді.
— Қазақстан құрамасының мүмкіндігін нақты болжау қиын. Өйткені ЖИ олимпиадасы салыстырмалы түрде жақында пайда болды және әлі де қалыптасу кезеңінде. Мұнда физика, математика немесе информатика олимпиадаларындағыдай ондаған жылдық тәжірибе жоқ. Соған қарамастан, былтыр біздің команда жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды. Ол кезде олимпиадаға шамамен 40 ел қатысса, биыл олардың саны жүзден асты, – деді Бағдат Мусин.
Айта кетейік, жасанды интеллект бойынша халықаралық IOAI-2026 олимпиадасы Астанада 2-8 тамыз аралығында өтеді.
Елімізде жасанды интеллект пен стартапты дамыту бойынша халықаралық инновациялық хаб құрылады.