ЖИ оралдық суретшінің «Қызылорда» картинасына жан бітірді

Фото: Фото: Қызылорда көркемсурет галереясы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – С.Айтбаев атындағы Қызылорда көркемсурет галереясының қорындағы картиналардың біріне жасанды интеллект жан бітірді.

Ол – оралдық суретші Нұрбек Жәрдемовтің «Қызылорда» атты туындысы. Картинада 1925 жылы Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгеріп, астана мәртебесін алған съезге қатысу үшін депутаттар мінген пойыздың вокзалға келу сәті бейнеленген.

Айта кетейік, 1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі ашылды. 19 сәуір күні күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша шешім қабылданды. Біріншіден, ұлтымыздың «қазақ» атауы қайтарылса, екіншіден, Ақмешіт атауы Қызылорда болып ауысты.

– Суретші ел астанасының Орынбордан Қызылордаға көшіп келу кезіндегі вокзалдағы қарбаласты сәтті бере алған. Қазір әлеуметтік желі, жасанды интеллект кеңінен қолданыста. Соған байланысты біз де келушілерді қызықтыру үшін картинаға ЖИ көмегімен қимыл-қозғалыс беріп, сол сәттің көрінісін жанды түрде жеткізгіміз келді, – деді галерея өнертанушысы Айдана Ербол.

Өткен жылы Қызылорда қаласында Сыр елінің тарихына арналған халықаралық суретшілер симпозиумы өткен болатын. Биыл галереяда Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай симпозиум көрмесі ұйымдастырылды. «Қызылорда» картинасы да көрме барысында келушілер назарына ұсынылды.

Ал 18 сәуір күні Қызылордада атаулы мерейтойға орай Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан филиалы суретші-кескіндемешілерінің «Кеме» атты жылжымалы көрмесі ашылады.

Көрме экспозициясына Түркістан облысында орналасқан киелі орындарды, тылсым табиғат көріністерін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, облыстың өркендеу жолын сипаттайтын 70-тен астам кескіндемелік шығарма ұсынылады. Экспозиция мамыр айының 15-не дейін жалғасады.

Ал бұған дейін біз ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкенде жеткен тарихи үстел туралы жазғанбыз.