ЖИ саласында ең алдымен өз еліміздің өнімдерін пайдалану керек – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтты.
Президент білім алу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды міндет екеніне мән берді.
— Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе, бұл шағын жинақты мектептерге қатысты мәселе. ЖИ технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте маңызды. Біздің мақсатымыз — шын мәнінде инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл — Әділетті Қазақстан құрудың негізгі алғышарттарының бірі, — деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллект білімді дамытуға және таратуға оң ықпал етеді. Жаңа технологияларды жетік меңгерсек те, өз болмысымызды, яғни төл мәдениетімізді, құндылықтарымызды сақтап қалуға тиіспіз.
— Заманауи үрдістердің пайдасы мен зиянын ажырата білуіміз қажет. Ұлт дүниетанымына жат нәрселердің білім жүйесіне енуіне жол бермеуіміз керек. Түптеп келгенде, жасанды интеллект ел мүддесіне қызмет еткені дұрыс. Бұл — озық технологиялардың ықпалы руханиятымызға, тарихи мұраларымыз бен бірегей мәдениетімізге ешқандай кеселін немесе зиянын тигізбеуі керек деген сөз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқушыларға берілетін білімнің мазмұны және оның сапасы дұрыс болуы керек. Ең жақсы алгоритмнің өзі қате немесе жеңіл-желпі материал әзірлеп беруі мүмкін.
— Қайталап айтамын, жасанды интеллектіні білім беру ісінде көмек құралы ретінде қолдануға болады. Алайда білімнің сапасына және тәрбиелік мағынасына машина емес, адам жауапты болуға тиіс. Оқу материалының мемлекеттік стандартқа сәйкес болуын, оның ғылыми және мәдени талаптарға сай келуін мұғалім қадағалап отыруы керек. Ұстаз сапалы білімнің басты кепілі болып қала береді. Сондықтан Үкімет мемлекеттік стандартқа сәйкес сапалы контент жасауға мүмкіндік беретін ұлттық білім беру платформасын әзірлеуі қажет. Осы тұста бір мәселені арнайы атап өткім келеді: біз жасанды интеллект саласында ең алдымен өз елімізден шыққан өнімдерді пайдалануымыз керек, — деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.
Сондай-ақ, мұғалімдер көп уақытын жұмсайтын күнделікті күйбең шаруаны жасанды интеллект арқылы автоматтандырудың маңызына назар аударды.