Вице-министрдің айтуынша, басты мақсат адамдарды технологиямен алмастыру емес, олардың жұмыс тиімділігін арттыру.
– Бұл жерде қандай да бір алмастыру мақсаты жоқ. Міндет тиімділікті арттыру. Жалпы, жасанды интеллект технологиясының өзі кейбір мамандықтарға әсер ететіні сөзсіз. Бұған дейін де индустриялық революция болды. Естеріңізде болса, бу қозғалтқышының пайда болуы еңбек құрылымын түбегейлі өзгертті. Бұл жерде де қайталап айтамын: шенеуніктерді алмастыру деген міндет жоқ. Міндет – олардың жұмысын күшейту , – деп түсіндірді Бахтияр Мұхаметқалиев.
Ол стратегияның жеке бір бағыты адами капиталды дамытуға арналған, оның аясында халықтың әртүрлі топтарына арналған арнайы бағдарламалар қарастырылғанын атап өтті.
Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллектіні мемлекеттік аппаратқа енгізу. Бұл ретте процестердің тиімділігін 30 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған.
Ол мемлекеттік қызметшілер уақытының едәуір бөлігі тапсырмаларға жауап дайындауға, ақпарат жинап, оны тексеруге, сондай-ақ материалдарды бейінді департаменттермен, министрліктермен және басқа да мемлекеттік органдармен келісуге жұмсалатынын түсіндірді.
Жасанды интеллект осы жұмыстардың бір бөлігін автоматтандыра алады. Атап айтқанда, ол үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеуге, қысқаша қорытынды дайындауға, қажетті мәліметтерді табуға және жауап жобаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
– Қазір енгізу барысында, өзім айтқандай, бір министрлікте пилоттық режимде қолданып жатырмыз. Ол жауап жобаларын дайындауға, қажетті ақпаратты бірден табуға мүмкіндік береді. Бұл ретте заңнама талаптары сақталады, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол жасанды интеллектіні мемлекеттік аппаратқа енгізудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Себебі бұл жерде құпия әрі сезімтал ақпаратпен жұмыс істеу мәселесі бар және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Жасанды интеллектінің арқасында мемлекеттік қызметшілердің уақыты үнемделіп, олар босайтын уақытты анағұрлым маңызды міндеттерге бағыттай алады.
– Заман талабына сай жүру маңызды. Тіпті одан да жақсысы – заманнан озып, осы технологияларды бейімдей білу немесе оларды өзіміз жасау, – деп атап өтті ол.
Бұған дейін цифрландыруға байланысты ХҚКО қызметкерлері қысқартылмайтынын жазғанбыз.